Ғылыми кеңес хатшысы

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Ғылыми кеңесінің ғалым хатшысы

Сапарбаева Қарлығаш Жылқыбайқызы 1977 жылдың 1 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Отбасылы: екі ұл, бір қыздың анасы.

1984 жылы аудан орталығындағы қазіргі Ө.Жәнібеков атындағы №4 мектеп-интернаттың 1-сыныбына  қабылданып, 1994 жылы «Қоғам» орта мектебін үздік аттестатпен аяқтайды.

Осы жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент филиалының филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 1-курсына қабылданады. 1998 жылы аталған жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірді. Кәсіби біліктілігі –  қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы. Жалпы және педагогикалық еңбек өтілі – 21 жыл.

1998-2001 жылдары Оңтүстік Қазақстан университетінің Қазақ және түрік тілі кафедрасына лаборант және оқытушы, 2001-2005 жылдары Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтының қазақ әдебиеті кафедрасына оқытушы болып қызметке қабылданады. 2005-2011 оқу жылдары аралығында Филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.

2009 жылы 30 қазанда Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 53.34.01 диссертациялық кеңесте филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Сәрсенұлы Ергөбектің жетекшілігімен 10.01.02 – Қазақ әдебиеті мамандығы бойынша «1950-1970 жылдардағы қазақ балалар әдебиетіндегі көркемдік ізденістер (Әнуарбек Дүйсенбиевтің әдеби мұрасы негізінде)» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын табысты қорғайды.  ҚР БжҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2010 жылғы 14 ақпандағы №2 хаттама шешімімен филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленеді.

2011-2012 оқу жылында қайта ашылып, қалпына келтірілген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының Ғылыми кеңесінің ғалым хатшысы қызметін атқарады. 

2012-2014 жылдары аралығында филология факультетінің деканы, 2014-2016 жылдары оқу-әдістемелік басқарма басшысы, 2016 жылдың қыркүйегінен қараша айына дейін ректор көмекшісі, 2016 жылдың қарашасынан 2018 жылдың мамыр айына дейін Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерінде болды.

2018 жылдың 10 мамырынан бастап университеттің ғылыми кеңесінің ғалым хатшысы қызметіне бекітілді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығынан 240 сағат (2013), ҚР педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы негізінде әзірленген педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарының бітіруші курс студенттеріне қосымша білім беру бағдарламасы бойынша 232 академиялық сағат көлеміндегі тренерлерді оқыту курсын (2017) бітірген. Бірнеше халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференция, семинар сертификаттары мен ҚР БжҒМ Акредиттеу туралы куәлігі (2014) бар.

Институт ректорының (2011, 2016, 2017), Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің (2012),  «НұрОтан» ХДП-ның (2017), ҚР Білім және ғылым министрінің (2018) Алғыс хаттарымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен (2013), ОҚМПИ-дың 80 жылдық медалімен (2017)  марапатталған.

Қ.Сапарбаева 40-тан аса ғылыми мақаланың авторы.  ОҚМПИ-дың 80 жылдығына орай шығарылған мерекелік журналдың, «Уақыт өрнектері», «Естеліктер керуені» атты кітаптардың құрастырушысы және бас редакторы.

«НұрОтан» ХДП мүшесі. Қала, облыс көлемінде өтетін мәдени іс-шараларға белсене қатысушы. Республикалық, облыстық, шығармашылық ұйымдардың мүшесі.

 «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті» пәнінен дәріс жүргізеді.