ОҚМПИ-ге – 80 жыл!

 

Торқалы той қызығы жалғасуда. 80 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан қарашаңырақ Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде мерекелік іс-шаралар легі толастар емес. Күні кеше білім ордасында «Нұр шаңырақ» студенттер театры ашылып, жұмысын бастады. Оған сахна өнеріне бейім жастар іріктеліп алынды. Сахна шымылдығын түрген драмалық қойылым көрерменді тәнті етсе, бүгін университетте дүбір дүниеге аты мәшһүр болған кіл мықты ғалымдар бас қосты. Елбасы мақаласымен үндескен алқалы мәжілісте білім мен тәжірибені арттырып, сапалы маман даярлаудағы өзекті мәселелер талқыланды.

«Алғашқы махаббат». Ұлы сезімге толы комедиялық қойылымның авторы  - Қанат Жүнісов. Режиссері – облыстық әзіл-сықақ театрының көркемдік жетекшісі Мақсат Айтжанов. Қойылымда мектеп қабырғасында оқып жүрген шәкірттердің албырт сезім, пәк көңілі паш етіледі. Қалада оқып, ұстаздық мамандығын игерген жас мұғалім жолдама бойынша ауылға барады. Сұлу да сымбатты маманға сотқар бала Қанат ғашық болып қалады. Ұлы сезім бала Қанатқа қанат бітіріп, өмірін түбегейлі өзгертеді.

«Рухани жаңғыру: ұлттық білім беру жүйесі және әлемдік тәжірибе». Халықаралық ғылыми теориялық конференцияның пленарлық мәжілісіне арқау болған тақырып осы. Жиынға қатысқан шетелдік ғалымдар білім сапасын арттырудағы ойларын ортаға салды. Венгриядағы Кинг – Сигизмунд атындағы университет ректоры Петерс Сатмаридің айтуынша, қазақстандық жастардың ғылым-білімге құлшынысы жоғары. Сондықтан, қос тарап өзара ынтымақтастық пен әріптестік қатынасты нығайту үшін келіссөздер жасасты.

Петерс Сатмари - Кинг – Сигизмунд атындағы университет ректоры /Венгрия/

Білім мен тәжірибені арттыру – уақыт талабы. Бұл жолда білім ордасының мақсат – міндеттері айқын екеніне көзім жетті. Университет шәкірттері өте талантты, ғылымға құштар екен. Ендігіде, осы озат студенттерді біздің елде тегін оқытуға жағдай жасайтын боламыз. Өз кезегінде бұл білім ордасына Будапешт жастары да оқитын болады. Әріптестік қарым-қатынасты нығайту үшін меморандум түзілді. Ендігі жұмыс жүйелі болмақ.

Білікті кадр барда білімді, заман көшіне ілесе білетін жастарды тәрбиелеу қиын емес. Оған білім ордасының материалдық техникасы да жарап тұр. Оқытушылардың біліктілігін арттыруға ұдайы көңіл бөлініп келеді. Бүгінге дейін 223 оқытушы-профессор кәсіби шеберлігін шетелде шыңдап келді. Арысы Германия, Ұлыбритания, Испания, Жапония және Португалия, берісі Ресей барып, білімін жетілдірді. Ендігі мақсат – ұстаз деген ұлы ұғымға сай, жоғары тәжірибелі маман даярлап, озат отыздыққа енуге ықпалдасу.

ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы