Нұрсұлтан Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

КIРIСПЕ

Елiмiз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы басталғанын жарияладым.

Осылайша, бiз қайта түлеудiң айрықша маңызды екi процесi – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық.

Бiздiң мақсатымыз айқын, бағытымыз белгiлi, ол – әлемдегi ең дамыған 30 елдiң қатарына қосылу.

Аталған екi жаңғыру процесiнiң де нақты мақсат-мiндеттерi, басымдықтары мен оған жеткiзетiн жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрi дер уақытында және барынша тиiмдi жүзеге асарына сенiмдiмiн. Бiрақ, ойлағанымыз орындалу үшiн мұның өзi жеткiлiксiз.

Мақсатқа жету үшiн бiздiң санамыз iсiмiзден озып жүруi, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиiс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегiне айналады.

Рухани жаңғыру тек бүгiн басталатын жұмыс емес.

Бiз тәуелсiздiк кезеңiнде бұл бағытта бiрнеше ауқымды iс атқардық.

2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткiштер мен нысандарды жаңғырттық.

2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнiң ең белдi архивтерiнен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелi түрде жинап, зерттедiк.

Ендi осының бәрiнен де ауқымды және iргелi жұмыстарды бастағалы отырмыз.

Мен елiмiз мықты әрi жауапкершiлiгi жоғары Бiртұтас Ұлт болу үшiн болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетiнiмiз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдiм.

 

I. ХХI ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ

Күллi жер жүзi бiздiң көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлi бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгерiп жатқан дүбiрлi дүниеде сана-сезiмiмiз бен дүниетанымымызға әбден сiңiп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземiздi теңеп, иық түйiстiру мүмкiн емес. Өзгеру үшiн өзiмiздi мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуiрдiң жағымды жақтарын бойға сiңiруiмiз керек.

ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгiсiнiң бүгiнгi заманның болмысына сай келмеуiнiң сыры неде? Менiңше, басты кемшiлiгi – олардың өздерiне ғана тән қалыбы мен тәжiрибесiн басқа халықтар мен өркениеттердiң ерекшелiктерiн ескермей, бәрiне жаппай ерiксiз таңуында. Әжептәуiр жаңғырған қоғамның өзiнiң тамыры тарихының тереңiнен бастау алатын рухани коды болады.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай бiлу. Онсыз жаңғыру дегенiңiздiң құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.

Бiрақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрiн, яғни болашаққа сенiмдi нығайтып, алға бастайтын қасиеттердi де, кежегесi керi тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттердi де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.

Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжiрибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиiс. Керiсiнше, замана сынынан сүрiнбей өткен озық дәстүрлердi табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра бiлу қажет. Егер жаңғыру елдiң ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.

Сонымен бiрге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлi полюстерiн қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдiретiмен маңызды.

Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгiнгi күн мен жарқын болашақтың көкжиектерiн үйлесiмдi сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы.

Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзiлмеген ұлттық салт-дәстүрлерiн алдағы өркендеудiң берiк дiңi ете отырып, әрбiр қадамын нық басуын, болашаққа сенiммен бет алуын қалаймын.

Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбiр қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бiрнеше бағытын атап өтер едiм.

1. Бәсекелiк қабiлет

Қазiргi таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзi бәсекелiк қабiлетiн арттырса ғана табысқа жетуге мүмкiндiк алады.

Бәсекелiк қабiлет дегенiмiз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнiнен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнiм ғана емес, сонымен бiрге, бiлiм, қызмет, зияткерлiк өнiм немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкiн.

Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелiк қабiлетiмен айқындалады. Сондықтан, әрбiр қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлiк сауаттылық, шет тiлдерiн бiлу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркiмнiң алға басуына сөзсiз қажеттi алғышарттардың санатында.

Сол себептi, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тiлде бiлiм беру», «Мәдени және конфессияаралық келiсiм» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.

2. Прагматизм

Қанымызға сiңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейiнше, бiздiң толыққанды жаңғыруымыз мүмкiн емес.

Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмiр салтына бiр сәт үңiлiп көрсек, шынайы прагматизмнiң талай жарқын үлгiлерiн табуға болады.

Халқымыз ғасырлар бойы туған жердiң табиғатын көздiң қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемдi әрi орынды жұмсайтын теңдесi жоқ экологиялық өмiр салтын ұстанып келдi.

Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрi бiрнеше жыл iшiнде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан берi ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгерiп, аста-төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесiрiнен, Жер-ана жаратылғаннан берi шөбiнiң басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кеттi. Түгiн тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерiмiз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңiзi аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.

Осының бәрi – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы.

Бiз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сiңген, бүгiнде тамырымызда бүлкiлдеп жатқан iзгi қасиеттердi қайта түлетуiмiз керек.

Прагматизм – өзiңнiң ұлттық және жеке байлығыңды нақты бiлу, оны үнемдi пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдiкке жол бермеу деген сөз. Қазiргi қоғамда шынайы мәдениеттiң белгiсi орынсыз сән-салтанат емес. Керiсiнше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшiлдiк пен орынды пайдалану көргендiлiктi көрсетедi.

Нақты мақсатқа жетуге, бiлiм алуға, саламатты өмiр салтын ұстануға, кәсiби тұрғыдан жетiлуге басымдық бере отырып, осы жолда әрнәрсенi ұтымды пайдалану – мiнез-құлықтың прагматизмi деген осы.

Бұл – заманауи әлемдегi бiрден-бiр табысты үлгi. Ұлт немесе жеке адам нақты бiр межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең iске аспақ түгiлi, елдi құрдымға бастайтын популистiк идеологиялар пайда болады.

Өкiнiшке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбiне кеткенi туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм бiздiң көз алдымызда күйредi.

Бүгiнде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кеттi. Ендi айқын, түсiнiктi және болашаққа жiтi көз тiккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуiн көздейтiн осындай бағдарлар ғана дамудың көгiне темiрқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдiң мүмкiндiктерi мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиiс.

Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.

3. Ұлттық бiрегейлiктi сақтау

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзi ұлттық сананың кемелденуiн бiлдiредi.

Оның екi қыры бар.

Бiрiншiден, ұлттық сана-сезiмнiң көкжиегiн кеңейту. Екiншiден, ұлттық болмыстың өзегiн сақтай отырып, оның бiрқатар сипаттарын өзгерту.

Қазiр салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгiлерiнiң қандай қатерi болуы мүмкiн?

Қатер жаңғыруды әркiмнiң ұлттық даму үлгiсiн бәрiне ортақ, әмбебап үлгiге алмастыру ретiнде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмiрдiң өзi бұл пайымның түбiрiмен қате екенiн көрсетiп бердi. Iс жүзiнде әрбiр өңiр мен әрбiр мемлекет өзiнiң дербес даму үлгiсiн қалыптастыруда.

Ұлттық салт-дәстүрлерiмiз, тiлiмiз бен музыкамыз, әдебиетiмiз, жоралғыларымыз, бiр сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгi қалуға тиiс.

Абайдың даналығы, Әуезовтiң ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлерi, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үнi – бұлар бiздiң рухани мәдениетiмiздiң бiр парасы ғана.

Сонымен бiрге, жаңғыру ұғымының өзi мейлiнше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбiр дағдылар мен әдеттерден арылу дегендi бiлдiредi.

Мысалы, жершiлдiктi алайық. Әрине, туған жердiң тарихын бiлген және оны мақтан еткен дұрыс. Бiрақ, одан да маңыздырақ мәселенi – өзiңнiң бiртұтас ұлы ұлттың перзентi екенiңдi ұмытуға әсте болмайды.

Бiз әркiм жеке басының қандай да бiр iске қосқан үлесi мен кәсiби бiлiктiлiгiне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейдi.

Осының бәрiн егжей-тегжейлi айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екi ереженi түсiнiп, байыбына барғанын қалаймын.

Бiрiншiсi – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екiншiсi – алға басу үшiн ұлттың дамуына кедергi болатын өткеннiң кертартпа тұстарынан бас тарту керек.

4. Бiлiмнiң салтанат құруы

Бiлiмдi, көзi ашық, көкiрегi ояу болуға ұмтылу – бiздiң қанымызда бар қасиет.

Тәуелсiздiк жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Бiз он мыңдаған жасты әлемнiң маңдайалды университеттерiнде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елiмiзде өте жоғары деңгейдегi бiрқатар университеттер ашылды, зияткерлiк мектептер жүйесi қалыптасты. Басқа да көптеген iс тындырылды.

Дегенмен, бiлiмнiң салтанаты жалпыға ортақ болуға тиiс. Оның айқын да, бұлтартпас себептерi бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазiргi кәсiптердiң жартысы жойылып кетедi.

Экономиканың кәсiптiк сипаты бұрын-соңды ешбiр дәуiрде мұншама жедел өзгермеген.

Бiз бүгiнгi жаңа атаулы ертең-ақ ескiге айналатын, жүрiсi жылдам дәуiрге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсiбiн неғұрлым қиналмай, жеңiл өзгертуге қабiлеттi, аса бiлiмдар адамдар ғана табысқа жетедi.

Осыны бек түсiнгендiктен, бiз бiлiмге бөлiнетiн бюджет шығыстарының үлесi жөнiнен әлемдегi ең алдыңғы қатарлы елдердiң санатына қосылып отырмыз.

Табысты болудың ең iргелi, басты факторы бiлiм екенiн әркiм терең түсiнуi керек. Жастарымыз басымдық беретiн межелердiң қатарында бiлiм әрдайым бiрiншi орында тұруы шарт. Себебi, құндылықтар жүйесiнде бiлiмдi бәрiнен биiк қоятын ұлт қана табысқа жетедi.

5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы

Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айындағы оқиғаға 100 жыл толады.

Күллi ХХ ғасыр революциялық сiлкiнiстерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлiнше әсер етiп, бүкiл болмысын өзгерттi.

Әрбiр жұрт тарихтан өзiнше тағлым алады, бұл – әркiмнiң өз еркiндегi шаруа.

Бiреуге өзiңнiң көзқарасыңды ерiксiз таңуға ешқашан болмайды. Бiзге тарих туралы өздерiнiң субъективтi пайымдарын тықпалауға да ешкiмнiң қақысы жоқ.

Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшiн қасiретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.

Бiрiншiден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзiмiзге ғана тән жолы бiржола күйретiлiп, қоғамдық құрылымның бiзге жат үлгiсi ерiксiз таңылды.

Екiншiден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бiр ғасырдан берi әлi жазылмай келедi.

Үшiншiден, қазақтың тiлi мен мәдениетi құрдымға кете жаздады.

Төртiншiден, елiмiздiң көптеген өңiрлерi экологиялық апат аймақтарына айналды.

Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды.

ХХ ғасыр Қазақстанға бiрқатар игiлiктерiн де бердi.

Индустрияландыруды, әлеуметтiк және өндiрiстiк инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын осыған жатқызуға болады.

Бұл кезеңде елiмiзде белгiлi бiр жаңғыру болды. Бiрақ, бұл ұлттың емес, аумақтың жаңғыруы едi.

Бiз тарихтың сабағын айқын түсiнуiмiз керек. Революциялар дәуiрi әлi бiткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлi өзгердi.

Бiздiң кешегi тарихымыз бұлтартпас бiр ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуiне мүмкiндiк беретiнiне көзiмiздi жеткiздi.

Бұдан сабақ ала бiлмесек, тағы да тарихтың темiр қақпанына түсемiз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбiр қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиiс.

Бiрақ, қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретiнде мәңгi тұмшаланудың синонимi емес.

Сол себептi, тарихтың ащы сабағын түсiнiп қана қоймай, өзiмiз күнде көрiп жүрген қазiргi құбылыстардан ой түйiп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай бiлу де айрықша маңызды.

Бүгiнде революциялар өңiн өзгертiп, ұлттық, дiни, мәдени, сепаратистiк перде жамылды. Бiрақ, бәрi де, түптеп келгенде, қантөгiспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көрiп отырмыз.

Сондықтан әлемдегi оқиғаларды ой елегiнен өткiзiп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, бiлiм беру жүйесiнiң де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бiр бөлiгi.

6. Сананың ашықтығы

Көптеген проблема әлемнiң қарқынды өзгерiп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезiмнiң «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды.

Бiр қарағанда, жер жүзiндегi миллиардтан астам адам өзiнiң туған тiлiмен қатар, кәсiби байланыс құралы ретiнде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тiлiн бiздiң де жаппай және жедел үйренуiмiз керектiгi еш дәлелдеудi қажет етпейтiндей.

Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тiлдерi – немiс, француз, испан, итальян немесе басқа да тiлдердi сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тiлiн ерiккеннен үйренiп жатыр ма?

Бұл – базбiреулердiң әншейiн қалауы емес, жаһандық әлемге еркiн кiрiгiп, жұмыс iстеудiң басты шарты.

Бiрақ, мәселе бұған да тiрелiп тұрған жоқ. Сананың ашықтығы зерденiң үш ерекшелiгiн бiлдiредi.

Бiрiншiден, ол дүйiм дүниеде, жер шарының өзiңе қатысты аумағында және өз елiңнiң айналасында не болып жатқанын түсiнуге мүмкiндiк бередi.

Екiншiден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетiн өзгерiстердiң бәрiне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда бiздiң өмiр салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсiлдерi, қысқасы, барлығы түбегейлi өзгередi. Бiз бұған да дайын болуымыз керек.

Үшiншiден, бұл – өзгелердiң тәжiрибесiн алып, ең озық жетiстiктерiн бойға сiңiру мүмкiндiгi. Азиядағы екi ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгiнгi келбетi – осы мүмкiндiктердi тиiмдi пайдаланудың нағыз үлгiсi.

«Өзiмдiкi ғана таңсық, өзгенiкi – қаңсық» деп керi тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетiстiктерiн қабылдай бiлу, бұл – табыстың кiлтi, әрi ашық зерденiң басты көрсеткiштерiнiң бiрi.

Егер қазақстандықтар жер жүзiне үйден шықпай, терезеден телмiрiп отырып баға беретiн болса, әлемде, құрлықта, тiптi iргедегi елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.

Көкжиектiң арғы жағында не болып жатқанын да бiле алмайды. Тiптi, бiрқатар ұстанымдарымызды түбегейлi қайта қарауға мәжбүрлейтiн сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсiне де алмай қалады.

 

II. ТАЯУ ЖЫЛДАРДАҒЫ МIНДЕТТЕР

Қоғамдық сана жаңғырудың негiзгi қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бiрге, бiздiң заман сынағына лайықты төтеп беруiмiзге қажеттi нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етедi.

Осыған байланысты мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бiрнеше жобаны ұсынамын.

Бiрiншiден, қазақ тiлiн бiртiндеп латын әлiпбиiне көшiру жұмыстарын бастауымыз керек. Бiз бұл мәселеге неғұрлым дәйектiлiк қажеттiгiн терең түсiнiп, байыппен қарап келемiз және оған кiрiсуге тәуелсiздiк алғаннан берi мұқият дайындалдық.

Қазақ тiлiнiң әлiпбиi тым тереңнен тамыр тартатынын бiлесiздер.

VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңi. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркiлердiң руникалық жазуы пайда болып, қолданылды.

Бұл адамзат тарихындағы ең көне әлiпбилердiң бiрi ретiнде белгiлi.

V-XV ғасырларда түркi тiлi Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлiгiнде ұлтаралық қатынас тiлi болды.

Мәселен, Алтын Орданың бүкiл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негiзiнен ортағасырлық түркi тiлiнде жазылып келдi.

Халқымыз Ислам дiнiн қабылдаған соң руникалық жазулар бiртiндеп ысырылып, араб тiлi мен араб әлiпбиi тарала бастады.

Х ғасырдан ХХ ғасырға дейiн, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әлiпбиi қолданылды.

1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитетi мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесiнiң Президиумы латындандырылған жаңа әлiпби – «Бiртұтас түркi алфавитiн» енгiзу туралы қаулы қабылдады.

Латын әлiпбиiнiң негiзiнде жасалған жазу үлгiсi 1929 жылдан 1940 жылға дейiн қолданылып, кейiн кириллицаға ауыстырылды.

1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әлiпбиден орыс графикасы негiзiндегi жаңа әлiпбиге көшiру туралы» заң қабылданды.

Осылайша, қазақ тiлiнiң әлiпбиiн өзгерту тарихы негiзiнен нақты саяси себептермен айқындалып келдi.

Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әлiпбиiне көшуге кiрiсуiмiз керектiгiн» мәлiмдедiм.

Бұл – сол кезден барлық салаларда бiз латын қарпiне көшудi бастаймыз деген сөз.

Яғни 2025 жылға қарай iс қағаздарын, мерзiмдi баспасөздi, оқулықтарды, бәрiн де латын әлiпбиiмен басып шығара бастауға тиiспiз.

Ол кезең де таяп қалды, сондықтан бiз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Бiз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажеттi дайындық жұмыстарына қазiрден кiрiсемiз. Үкiмет қазақ тiлiн латын әлiпбиiне көшiрудiң нақты кестесiн жасауы керек.

Латыншаға көшудiң терең логикасы бар. Бұл қазiргi заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХI ғасырдағы ғылыми және бiлiм беру процесiнiң ерекшелiктерiне байланысты.

Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тiлiн оқып, латын әрiптерiн онсыз да үйренiп жатыр. Сондықтан жас буын үшiн ешқандай қиындық, кедергiлер болмақ емес.

2017 жылдың аяғына дейiн ғалымдардың көмегiмен, барша қоғам өкiлдерiмен ақылдаса отырып, қазақ әлiпбиiнiң жаңа графикадағы бiрыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әлiпбидi үйрететiн мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кiрiсуiмiз қажет.

Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдiстемелiк жұмыстар жүргiзiлуге тиiс.

Әрине, жаңа әлiпбиге бейiмделу кезеңiнде белгiлi бiр уақыт кириллица алфавитi де қолданыла тұрады.

Екiншiден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық бiлiм. Қазақ тiлiндегi 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз.

Оның мәнi мынада:

1. Бiз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды бiлiм беруге қажеттi барлық жағдайды жасауға тиiспiз. Гуманитарлық зиялы қауым өкiлдерi елiмiздiң жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтiру арқылы мемлекеттiң қолдауына ие болады. Бiзге инженерлер мен дәрiгерлер ғана емес, қазiргi заманды және болашақты терең түсiне алатын бiлiмдi адамдар да ауадай қажет.

2. Бiз алдағы бiрнеше жылда гуманитарлық бiлiмнiң барлық бағыттары бойынша әлемдегi ең жақсы 100 оқулықты әртүрлi тiлдерден қазақ тiлiне аударып, жастарға дүние жүзiндегi таңдаулы үлгiлердiң негiзiнде бiлiм алуға мүмкiндiк жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзiнде студенттердi осы оқулықтармен оқыта бастауға тиiспiз.

3. Ол үшiн қазiргi аудармамен айналысатын құрылымдар негiзiнде мемлекеттiк емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкiметтiң тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиiстi жұмыстарға кiрiсе бергенi жөн.

Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткiземiз?

Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде бiлiм бере бастаймыз.

Бұл – бiлiм саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейiмделген мамандарды даярлау деген сөз.

Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелiк қабiлет сияқты сананы жаңғыртудың негiзгi қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негiзi бiлiм ордаларының аудиторияларында қаланады.

Бiздiң әлеуметтiк және гуманитарлық бiлiмiмiз ұзақ жылдар бойы бiр ғана iлiмнiң аясында шектелiп, дүниеге бiр ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнiң үздiк 100 оқулығының қазақ тiлiнде шығуы 5-6 жылдан кейiн-ақ жемiсiн бере бастайды. Сол себептi, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгiлердi алып, олардың қазақ тiлiндегi аудармасын жасауымыз керек.

Бұл – мемлекеттiң мiндетi.

Үкiмет мұны аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдiстемелiк бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгiлеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешендi түрде шешуi керек.

Үшiншiден, Қазақ «Туған жерге туыңды тiк» деп бекер айтпаған.

Патриотизм кiндiк қаның тамған жерiңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңiрiңе, яғни туған жерiңе деген сүйiспеншiлiктен басталады.

Сол себептi, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы iзiнше оп-оңай кеңейiп, «Туған елге» ұласады.

Мәселен, «Ауылым – әнiм» атты әндi айтқанда, «Туған жерiн сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елiн» деп шырқайтын едiк қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер.

Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады?

Адам баласы – шексiз зерденiң ғана емес, ғажайып сезiмнiң иесi. Туған жер – әркiмнiң шыр етiп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиеттi мекенi, талай жанның өмiр-бақи тұратын өлкесi. Оны қайда жүрсе де жүрегiнiң түбiнде әлдилеп өтпейтiн жан баласы болмайды.

Туған жерге, оның мәдениетi мен салт-дәстүрлерiне айрықша iңкәрлiкпен атсалысу – шынайы патриотизмнiң маңызды көрiнiстерiнiң бiрi.

Бұл кез келген халықты әншейiн бiрiге салған қауым емес, шын мәнiндегi ұлт ететiн мәдени-генетикалық кодының негiзi.

Бiздiң бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгiрген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бiздi қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннiң қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас еттi.

Туған жерге деген сүйiспеншiлiк ненi бiлдiредi, жалпы, бағдарламаның мәнi неде?

Бiрiншi, бұл бiлiм беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргiзудi, экологияны жақсартуға және елдi мекендердi абаттандыруға баса мән берудi, жергiлiктi деңгейдегi тарихи ескерткiштер мен мәдени нысандарды қалпына келтiрудi көздейдi.

Патриотизмнiң ең жақсы үлгiсi орта мектепте туған жердiң тарихын оқудан көрiнiс тапса игi.

Туған жердiң әрбiр сайы мен қырқасы, тауы мен өзенi тарихтан сыр шертедi. Әрбiр жер атауының төркiнi туралы талай-талай аңыздар мен әңгiмелер бар. Әрбiр өлкенiң халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есiмдерi ел есiнде сақталған бiртуар перзенттерi бар. Осының бәрiн жас ұрпақ бiлiп өсуге тиiс.

Екiншi, басқа аймақтарға көшiп кетсе де туған жерлерiн ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсiпкерлердi, шенеунiктердi, зиялы қауым өкiлдерi мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезiм, ол әркiмде болуы мүмкiн. Оған тыйым салмай, керiсiнше, ынталандыру керек.

Үшiншi, жергiлiктi билiк «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелiлiкпен қолға алуға тиiс.

Бұл жұмысты өз бетiмен жiберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсiндiру қажет.

Туған жерiне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудiң түрлi жолдарын табу керек.

Бұл жерде де көп жұмыс бар.

Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептердi компьютерлендiруге, жергiлiктi жоғары оқу орындарына демеушiлiк жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.

Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнiң нағыз өзегiне айналады.

Туған жерге деген сүйiспеншiлiк Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезiмге ұласады.

Төртiншiден, жергiлiктi нысандар мен елдi мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, бiз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиеттi орындар ұғымын сiңiруiмiз керек.

Ол үшiн «Қазақстаның қасиеттi рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы» жобасы керек.

Әрбiр халықтың, әрбiр өркениеттiң баршаға ортақ қасиеттi жерлерi болады, оны сол халықтың әрбiр азаматы бiледi.

Бұл – рухани дәстүрдiң басты негiздерiнiң бiрi.

Бiз – ұлан-ғайыр жерi мен аса бай рухани тарихы бар елмiз. Ұлы Даланың көз жеткiзгiсiз кең-байтақ аумағы тарихта түрлi рөл атқарған. Бiрақ, осынау рухани географиялық белдеудi мекен еткен халықтың тонның iшкi бауындай байланысы ешқашан үзiлмеген.

Бiз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлi жерлерiмiздiң бiртұтас желiсiн бұрын-соңды жасаған емеспiз.

Мәселе елiмiздегi ес керткiштердi, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтiруде тұрған жоқ.

Идеяның түпкi төркiнi Ұлытау төрiндегi жәдiгерлер кешенiн, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейiн, Тараздың ежелгi ескерткiштерiн, Бекет ата кесенесiн, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетiсудың киелi мекендерiн және басқа да жерлердi өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында бiртұтас кешен ретiнде орнықтыруды меңзейдi.

Мұның бәрi тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бiрегейлiгiнiң мызғымас негiзiн құрайды.

Бiз жат идеологиялардың әсерi туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгiлi бiр құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.

Тиiсiнше, оларға өзiмiздiң ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.

Қазақстанның қасиеттi жерлерiнiң мәдени-географиялық белдеуi – неше ғасыр өтсе де бiздi кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрi ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.

Ол – ұлттық бiрегейлiк негiздерiнiң басты элементтерiнiң бiрi. Сондықтан мыңжылдық тарихымызда бiз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиiспiз.

Биыл Үкiмет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жобаны әзiрлеуi керек. Онда үш мәселе қамтылғаны жөн. Нақтырақ айтқанда:

1. Аталған «Мәдени-географиялық белдеудiң» рөлi мен оған енетiн орындар туралы әрбiр қазақстандық бiлуi үшiн оқу-ағарту дайындығын жүргiзу қажет.

2. БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелi түрде, мықтап айналысуы керек.

3. Iшкi және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлi мұраларына сүйенуге тиiс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан бiздiң Түркiстан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар.

Бесiншiден, заманауи әлемдегi бәсекелiк қабiлет – мәдениеттiң де бәсекелiк қабiлетi деген сөз. АҚШ-тың «қырғиқабақ соғыс» кезiндегi табысының қомақты бөлiгi Голливудтың еншiсiнде.

Бiз ХХI ғасырдың жаһандық картасында ешкiмге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын iске асыруға тиiспiз.

Әлем бiздi қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы iрi бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетiстiктерiмiзбен де тануы керек.

Бұл жоба ненi көздейдi?

Бiрiншi, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тiлi – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тiлдерiнде сөйлеуi үшiн мақсатты ұстаным болуы шарт.

Екiншi, ол бүгiнгi қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиiс.

Үшiншi, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсiлдерiн ойластыру керек.

Мәдени өнiмдерiмiз тек кiтап түрiнде емес, әртүрлi мультимедиалық тәсiлдермен де шыққаны абзал.

Төртiншi, бұған ауқымды мемлекеттiк қолдау жасалуы қажет. Сыртқы iстер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министрлiктерi жүйелi түрде, қоян-қолтық жұмыс iстеуi керек.

Бесiншi, бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның iшiнде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиiс.

Бiз заманауи мәдениетiмiздiң қандай өкiлдерi әлемдiк аренаға жол тартуы керектiгiн анықтап алуымыз керек.

Ұлттық мәдениетiмiздiң озық үлгiлерiн iрiктеп алғаннан кейiн шетелдерде оларды таныстыру рәсiмдерiн өткiземiз.

2017 жыл жер жүзiне мәдениет саласындағы қай жетiстiктерiмiздi көрсете алатынымызды айқындап алу тұрғысынан шешушi жыл болмақ. Содан соң бiрегей бағдарламаны 5-7 жылда тыңғылықты жүзеге асырамыз.

Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетiмiз тұңғыш рет әлемнiң барлық құрлықтарына жол тартып, басты тiлдерiнде сөйлейтiн болады.

Алтыншыдан, ұлт мақтанышы бiздiң бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билерiмiз бен жырауларымыз ғана болмауға тиiс.

Мен бүгiнгi замандастарымыздың жетiстiктерiнiң тарихына да назар аударуды ұсынамын.

Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» жобасы арқылы iске асырған жөн.

Елiмiздiң Тәуелсiздiк жылнамасы жазыла бастағанына небәрi 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, елiмiз үшiн ғасырға бергiсiз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбiр күмән жоқ.

Дегенмен, осы қыруар iстi атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздерi мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактiлер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнiнде, Қазақстанның әрбiр жетiстiгiнiң артында алуан түрлi тағдырлар тұр.

«Қазақстандағы 100 жаңа есiм» жобасы – тәуелсiздiк жылдарында табысқа жеткен, елiмiздiң әр өңiрiнде тұратын түрлi жастағы, сан алуан этнос өкiлдерiнiң тарихы.

Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмiрбаяндары арқылы бүгiнгi, заманауи Қазақстанның келбетi көрiнiс табады.

Бiз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздiң байыбына бара бермеймiз. Шын мәнiнде, тәуелсiздiк дәуiрiнде өзiнiң еңбегiмен, бiлiмiмен, өнерiмен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүрiп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткiш.

Сондықтан оларды телевизиялық деректi туындылардың кейiпкерiне айналдыруымыз керек. Жастар өмiрге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздерi иелiк ете алатын азаматтар болуы үшiн оларға үлгi ұсынуымыз керек.

Қазiргi медиамәдениеттi суырыла сөйлейтiн «шешендер» емес, өмiрдiң өзiнен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысанасына айналуға тиiс.

Бұл жоба үш мәселенi шешуге бағытталғаны жөн.

1. Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту.

2. Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудiң жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру.

3. «100 жаңа есiм» жобасының өңiрлiк нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетiн тұлғаларды бiлуге тиiс.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемi дамып отыратын тiрi ағза iспеттi. Ол өмiр сүру үшiн заман ағымына саналы түрде бейiмделуге қабiлеттi болуы керек.

Жаңа жаһандық үрдiстер ешкiмнен сұрамай, есiк қақпастан бiрден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру мiндетi барлық мемлекеттердiң алдында тұр.

Сынаптай сырғыған уақыт ешкiмдi күтiп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзi сияқты жалғаса беретiн процесс.

Екi дәуiр түйiскен өлiара шақта Қазақстанға түбегейлi жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудiң теңдессiз тарихи мүмкiндiгi берiлiп отыр.

Мен барша қазақстандықтар, әсiресе, жас ұрпақ жаңғыру жөнiндегi осынау ұсыныстардың маңызын терең түсiнедi деп сенемiн.

Жаңа жағдайда жаңғыруға деген iшкi ұмтылыс – бiздiң дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмiр сүру үшiн өзгере бiлу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көмiлiп қала бередi.