Латын әліпбиіне көшу елімізді әлемдік өркениетпен ұштастырады

12.05.17

Латын әліпбиіне көшу елімізді әлемдік өркениетпен ұштастырады

Елбасының жарық көрген мақаласында жақын жылдарға берілген тапсырманың бірі – латын әліпбиіне көшуге нақты дайындықтар жасау. «Қазақстан-2050» стратегиясында  2025 жылдан бастап, латын әліпбиіне ауысу керектігі туралы айтылған. Мұндай өзгерістен біздің елдің ұтатын жері көп.  Латын әрпіне көшуге асығып жүргендер көп. Негізінен сол зиялы қауым өкілдері. Осы жолғы өзгерісті рухани жаңғырған Ұлы дала елін әлемдік өркениетпен қабыстыратын алтын жіп деп айтуға болады. Оған қоса, біз өткенімізбен қайта қауышатын боламыз. Көзі қарақты көрермен білетін болар, 1929-1940 жж. арасында Қазақстанда жұрт латын әліпбиімен оқыған және жазған. Қазақ тілі мен әдебиетін зерттеген ғалымдар біздің тілімізге өте ыңғайлы болғанын айтады.  Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры: -Қазіргі біздің орыс тілінің негізіндегі альфавитте тіліміздегі дыбыстардан әріптеріміз екі есеге көп. Яғни бұл әліпбидің біздің ерекшеліктерімізге сәйкес келмейтіні белгілі. Сондықтан бұл латын әліпбиіне көшу емес, шындығын айтқанда латын әліпбиімізге оралу болады. Бүгін инновациялық әдіс, озық технологияларды меңгергендер ғана алға ұмтылып, оза шабады. Егер соның тілімен сөйлемесең, кешеуілдеп қаласың. Ертеңін ойлаған ел бәсекеге қабілетті болу жолын іздейді. Алмас Әбсадық, филология ғылымдарының докторы: -Бағдарламалардың тілі, бағдарламалардың жасалуы, жүргізу жолы – барлығы латын графикасында жүзеге асырылады. Егер біз латын графикасына көшетін болсақ, қазір қолданып жүрген технологиялар, құрал-жабдықтарда, барлығында озық үлгілерге қол жеткізетін едік. Рауан Нармаханқызы, ОҚМПИ ғалым-хатшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты: -Латын әліпбиіне көшу заман қажеттілігінен туындап отыр. Біріншіден, бұл ақпарат құралдарын жылдам игеруге ыңғайлы. Қазіргі кезде жастарымыз телефон немесе компьютерде хабарлама жіберу үшін осы латын әліпбиін пайдалануды жөн көреді. Өйткені 42 әріпті теріп отырудан гөрі оларға 26 әріпті терген оңай. Ақмоншақ Баужанова, Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, еңбек ардагері: -Латын әрпін енгізу арқылы біздің жастарымыздың ағылшын тілін меңгеріп кетуге толық мүмкіндігі болады. Тез меңгеруге мүмкіндігі болады. Күнбе-күн ол әріптер қолданыста болса, олар үшін басқа тілдерді үйренген уақытта бұл жаңалық болмай қалады. Латын әліпбиіне көшу – біраз уақытты керек ететін әрекет. Материалдық шығыны да аз бола қоймас. Соның барлығының орнын толтыратын келер ұрпақ білімі терең, санасы ашық, Отанын сүйетін азамат болып өседі. Себебі өткенің мен бүгінің рухы биік жастың зердесінде кездеседі. Өмірзақ Айтбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті: -Ең алдымен керегі – сауаттылық. Латын әрпіне көшу арқылы Еуропа, Америкадағы барлық құжаттармен танысуға толық мүмкіндік ашылады. Әбдез Рахманұлы, тілші: -Материалдық байлық биік рухани құндылықтар негізінде табылған кезде ғана еселене түседі. Туған жерін сүйетін өскелең жас қиындықтар алдында мойымайтын болып өседі. Мұның барлығы біздің ұлттық тәрбиеміздің негізінде жатыр. Бектас Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: -Біздің терең мағынасы бар ұлттық құндылықтарымыз соңғы кезде бірте-бірте кейінге ысырылып, бізге жат, басқа үлгідегі мемлекеттердің құндылықтары біздің қоғамның дамуына теріс әсер етіп жатқанын қоғамның өзі көрсетіп отыр. Қазақстан оң өзгерістер жасайтын, алға ұмтылатын ел екенін өз азаматтарына да, бүкіл әлемге де дәлелдеді. Елде экономикалық дамуды қамтамасыз ететін саяси реформа жүріп жатыр.

 

http://khabar.kz/kz/news/kogam-kz/item/79064-latyn-lipbiine-k-shu-elimiz...