Дәурен АҚСАҚАЛОВ, айтыскер ақын: «Қазақ іздеп жүрмін...»

12.05.17

Дәурен АҚСАҚАЛОВ, айтыскер ақын: «Қазақ іздеп жүрмін...»

Оңтүстіктің адуынды ақындар ортасына бір жас айтыскер баланың келіп қосылғанын айтысқұмар ағайын жақсы біледі. Айтыстың анасы Әселхан Қалыбекованың ең кенже шәкірті, дүлдүл айтыскер Бекарыс Шойбековтей ағасынан тәлім алған Дәурен Ақсақаловтың түрлі жыр бәйгелеріндегі беталысы, қадамдары көз сүйсінтеді, көңіл қуантады. Жиырмадан енді асқан ұзын бойлы, кең иықты, маңдайы жарқыраған, жанары жарқылдаған тұлғалық тұрпаты да кешегі баһадүр сардарларымызды еске салатындай. Қасиетті Отырар жерінен түлеген жастың айтар әңгімесі, көңілге тоқыған түйінді ойлары аз емес екен. 

– «Ақын сахнадағы айтқан сөзіне сай болмаса сөзінің құны көк тиын. Сөз бен іс сай болуы керек. Жастарға тіл, дін туралы айттың ба, сол қасиет өзіңнің бойыңнан да табылуы керек» – дейді айтыстың жанашыры Жүрсін Ерман. Сіздің айтыс сахнасына аяқ басқаныңызға аса көп уақыт бола қоймаса да, жас буынның ішінде ауызға ілігіп жүрсіз. Сахнадағы образыңыз өмірдегі Дәуренменсәйкес пе?

– Жүрсін ағам айтудай-ақ, айтыпты. Расында, ақынның сахнадағы сөзі мен ісі бір-бірімен сай болуы керек. Сондықтан да, ақын екенмін деп білгішсініп көп нәрсені айта алмайсың. Өз басым өмірдегі образым мен айтыстағы келбетімнің ешқандай айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Әрдайым шынайы қалпымда шығамын. Екіжүзділіктен құдай сақтасын. Айтыста мүмкіндігінше жақсы дүниелер, пайымды, парасатты ойлар айтуға тырысамын.

– Жырқұмар жұртшылық сізді Бекарыс Шойбековтің інісі әрі төл шәкірті деп біледі. Айтысқа бет бұрып, сахнаға шығуыңызға оның ықпалы болды ма? 

– Бекарыс Шойбеков, рас, ағам. Ол кісіні мен де барлық ақындар сияқты өте сыйлаймын. Бекарыстың інісі болу мен үшін бір жағынан мақтаныш әрі мәртебе. Десе де, ағам «Ой, мынау менің жақыным, інім» деп жұрттан ерекшелеп қараған емес. Бұл оның тұлғалық қасиеті деп білемін. Осы қасиеті үшін одан да қатты құрметтеймін. Егер қазақтың басқа баласынан артық санап, туғанына бұра тарта беретін болса, менің де ағам туралы пікірім өзгерер еді. Қазақ айтысындағы осындай тұлғаның бары үшін де қуанамын.
Мен бала кезімде мектепке бармай тұрып-ақ, жазуды үйреніп алғаным есімде. Мектепте қазақ әдебиеті пәнін сүйіп оқыдым. Содан болар, әдебиет пәнінің мұғалімі мені ерекше жақсы көретін еді. Кітапханаға түскен ең жаңа, бүтін кітапты менің қолыма беретін еді. Пән олимпиадаларына да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қатысып жүрдім. Осылайша қазақтың бай әдебиетіне деген қызығушылық мені айтысқа алып келді. 2007 жылы Отырарда «Әселхан Қалыбекова «Ақындар мектебін» ашты» деген хабарды ести салысымен, бірден сол жерге бардым. Одан алдын домбыра үйірмесіне барып, бағымды сынаған едім. Алайда, домбыра – маған қол емес екен. Үш рет барып, ақыры шығып кеттім. Ал «Ақындар мектебінде» өзімді жайлы сезіндім. Ол жер маған өлең шығаруды үйретті. Ұстаз дегеннің қасиеті де сол ғой, шәкіртінің бойынан титімдей болса да ұшқынды байқап, ары қарай шамын жағу.
Айтыс сахнасына, басқа да жерлерге «Бекарыстың інісі» деп таныстырып шақырып жатады. Оның өзі – жауапкершілік. Мықты дайындықпен, жақсы сөз саптаумен шықпасаң, «ағасының арқасында шыға салған екен» деген сөзге қаласың. «Әселханның шәкірті», «Бекарыстың інісі» деген сөздер, шыны керек, намысымды қамшылайды. Мен үшін қай-қай айтысқа да немқұрайлы қарауға болмайды.

 

http://shymkala.kz/index.php/culture/item/3569-aza-izdep-zh-rmin