АҚЫННЫҢ АНЫҚ ЖҮЙРІГІ  (Тағылымды жүздесу)

18.04.17

АҚЫННЫҢ АНЫҚ ЖҮЙРІГІ

 (Тағылымды жүздесу)

Үстіміздегі жылдың сәуір айының он бірінші жұлдызында оқу ордамызда жанға жылылық, ізгілік пен шынайылық сыйлаған «Айтыстың анық жүйрігі» атты кездесу кеші болып өтті. Атлалмыш шараның қадірлі қонағы – институт түлегі, біршама жылдар  осы  қарашаңырақта қызмет еткен, бүгінгі таңда Оңтүстік өңірінің атынан  талай бәйгеге түсіп, аламан айтыстарда шашасына шаң жұқтырмай келген айтыскер ақын, Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп –интернатының директоры, Маржан Есжанова апайымыз болды.

Филология және тарих факультеті «Қазақ және әлем әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен «Әдебиет – ұлт байлығы, рух туы» атты 10-19 сәуір аралығында  өткізіліп жатқан филологтар онкүндігі аясында жоспарланған жүздесу кеші студенттер мен оқытушыларға  көтеріңкі көңіл күй, тәлім тәрбиеге толы сәт сыйлағаны сөзсіз. Маржан апайымыз институт студенттерінің басым бөлігі қызбалалар екендігін ескере келе, ибалылық пен ұят сынды ізгі қасиеттерді жоғалтып алмауды тілге тиек етті. Өзінің күделік жазбаларынан өнегелі сөздер оқып беріп, өмірінің үлкен бір бөлігіне айналған айтыс өнерінде жеткен белестерін адал еңбегімен бағындырғанын да сөз барысында айтып, студент жастарды еңбекқорлық, табандылық сынды қасиеттерге шақырды.  Жастарымыз апайымызға деген ыстық ықыластарын жеткізіп  ағынан жарылды.      

117-16 оқу тобының 1-курс студенті Нұрғали Әнәпия мен 117-25 оқу тобының 2-курс студенті Ерасыл Ділдабек сынды жас айтыскер ақындарымыз Маржан Бекжанқызына  ақ тілектерін арнап, айтыс өнерінен шағын үзінді көрсетіп, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Ал, 117-16 тобының 2-курс студенті, ізбасар шәкірті, аталған мектеп-интернаттың түлегі, жас ақын Мағжан Тайыр өзінің  әлі сиясы кеуіп үлгермеген жан досы Ерасылға арнаған өлеңін көпшілікке оқып берді.