Таланттылар ұстаханасы

18.01.17

Таланттылар ұстаханасы

ОҚМПИ музыкалық білім кафедрасы -  көпке  танымал талай  өнер тарланын қанаттандырып, түлеткен  орда.  Оқу орнында музыкалық білім кафедрасы 1994 жылы жасақталған болатын. Бүгінгі таңда мұнда шәкірттерге біліктілігі аса жоғары ұстаздар дәріс береді. Олардың арасында өнерімен көпті тәнті етіп жүрген қобызшылар, опера және эстрада әншілері бар. Ал кафедра студенттері болса еліміздің мәдени өміріндегі түрлі шараларға белсенді араласып келеді. Әдеби оқулар, түрлі форумдар, шығармашылық кештер, классикалық және дәстүрлі әндер байқауы. Осының барлығында инстиут студенттері өнер көрсетуде.

Кафедра түлектері білім ордасында музыканың теориясынан бөлек фортепиано, қобыз, домбыра, баян секілді аспаптарда ойнауды меңгереді. Сондай-ақ хорға жетекшілік ету, дирижерлық жасауды да үйренеді. Кафедра жанынан "Қазығұрт" деп аталатын фольклорлық ансамбль жасақталған. Бүгінгі таңда кафедрада 100-ден астам шәкірт білім алады.