Академик Өмірзақ Айтбайұлы: Мен пайғамбар емеспін

19.05.16

Белгілі академик, филология ғылымдарының докторы Өмірзақ Айтбайұлы биыл 80 жасқа толды. Академиктің мерейтойын атап өтуде Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтының ұжымы да қалыс қалған жоқ. Дәл осы білім ордасына кезінде еңбегі сіңген профессор институттың шәкірттерімен жүздесіп, әсерлі әңгіме жүргізді. «Отырардан ұшқан алып тұлға» деген тақырыпта өткен кездесуде жастардың қарасы көп болды. «Қазақ тілінің жанашыры, академик ағамыздың өмір жолы, еткен еңбегі бүгінгі жастарға үлгі. Сондықтан сексеннің сеңгіріне шығып отырған ұлағатты ұстазды студенттермен жүздестіріп отырмыз. Мұндай кездесулер шәкірттерімізге мол өнеге беретініне сенімдімін»,- дейді институт ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Оңалбай Аяшев.

      Өмірзақ Айтбайұлының зерттемеген саласы некен саяқ шығар. Сондықтан болар оны ел ішінде «Білім пайғамбары» деп атап кеткен. Алайда ғалым бұл теңеудің тым әсірешілдік екенін айтады. «Тірі пенде ешқашан пайғамбар бола алмайды. Мейлі сен қанша жерден білімді, білікті болсаң да. Жер бетіндегі біз үлгі тұтаны пайғамбар жалғыз. Ол Мұхаммед (с.ғ.с)  пағамбарымыз. Сондықтан адамды пайғамбарға теңеу үлкен ерсі қателік болар еді»,- дейді ол.  Әсерлі өткен кеште Біржан Байтуов бастаған айтыскер ақындар құрметті қонаққа арнау айтып, тыңдарманға жырдан шашу шашты. Әсем әуендер де шырқалды. Сондай-ақ жастар қоғам қайраткеріне көкейдегі сұрақтарын жаудыртып, тұщымды жауап ала алады. «Мен өмірімінің көп уақытын ана тілін зерттеуге және жойылып кетпеуі үшін қызмет еттім. Аллаға шүкір халық еңбегімді бағалап жатыр. Менің жұртыма, жастарға айтарым қазақтың басты үш мұрасы бар. Олар: тіл, ел, жер. Егер осы мұрамызға ие бола алмасақ онда қазақтың өлгені, елдіктен айырылғаны. Сондықтан осы қымбат үш асыл мұра үшін қызмет етуіміз керек. Сонда ғана көгереміз, өсеміз».

  Талай ғұламаларды дүниеге әкелген киелі Отырардың тумасы кездесуге жалғыз келген жоқ. Академиктің жұбайы, қарындасы, қызы және бір топ зиялы қауым өкілдері де бұл жиынның төрінен табылды. «Ұлтымыздың қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңіріне аяқ басуымыздың басты себебі ұстазымыздың мерейтойын тағы да бір атап өту. Себебі Өмекеңнің тойы жалпы қазақтың тойы деп есептеймін. Ол кісі ізденуден, оқу-тоқудан жалыққан емес. Және де бар білімін, қажыр-қайратын ана тіліміздің жойылып кетпеуіне жұмсады. Кешегі Ахмет Байтұрсыновтың ізін жалғастырушы ағамыз барда қазақ тілі мәңгі жасай берері хақ»,- дейді филология ғылымдарының докторы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Қажыбек Ерден.

  Жастармен мағыналы да өнегелі сұхбат жүргізген Өмірзақ Айтбайұлы 500-ге жуық еңбектің авторы. Сазгерлік қыры да өз алдына бір төбе.