​Қазақстанда заманауи  білім  беру болашағы: реформалар және даму

14.04.16

Қазақстанда заманауи  білім  беру болашағы: реформалар және даму

       Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің ұйымдастыруымен «Ә. Байтанаев оқулары – 4: Қазақстанда заманауи  білім  беру болашағы: реформалар және даму» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Бүкіл өмірін еңбекпен өткізген аяулы ағамыз Әбіш Байтанаев еңбекқорлықтың үлгісі еді. Әбіш Байтанаұлы 1910 жылдың 25 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Ынталы ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. 1932 жылдың тамызы мен 1933 жылдың қарашасы аралығында Қызыл Әскер қатарында өз борышын атқарып, 1933 жылдың қарашасынан 1936 жылдың тамызына дейін республикалық «Лениншіл жас» газеті редакциясының бөлім меңгерушісі, кейіннен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жауапты тілші қызметінде болған. 1936 жылдың тамызы мен 1939 жылдың қарашасы аралығында Алматы облысы Есік селосындағы Молотов атындағы орта мектептің  орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, 1939 жылдың қыркүйегі мен 1941 жылдың наурыз айы аралығында Шымкент қорғасын зауытындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарады. 1941 жылдың наурыз айынан Оңтүстік Қазақстан халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 1941 жылы денсаулығының жарамсыздығына қарамастан, өзі сұранып, Ұлы Отан соғысына аттанады. 1943 жылы денсаулығының нашарлауына байланысты қайтарылып, өзінің отбасы, мекені Шәуілдір ауданына келді. 1947 жылдан бастап Әбіш Байтанаев бүтіндей ұстаздық, оқытушылық жұмысқа ауысып кетеді. 1971 жылдың желтоқсанында Әбіш Байтанаев ҚазМУ-дың Ғылыми кеңесі мәжілісінде «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазудағы шеберлігі» тақырыбында докторлық диссертацияны табысты қорғап шықты. 1976 жылы филология ғылымдарының докторы атағы беріліп, 1979 жылы қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры атанды. 1988 жылы құрметті демалысқа шыққанға дейін Шымкент педагогикалық интитутының қазақ әдебиеті кафедрасында профессор қызметін атқарды, көп жылдар бойы қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды.

Жеткен жетістіктері үшін Әбіш Байтанаев көптеген мақтау қағаздарымен, төсбелгілерімен марапатталған. Оның ішінде ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Жастар басылымына қатысқандығы үшін» мақтау қағазы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін», КСРО Жоғары  және орта арнайы білім министрлігінің «Қызметтегі үздік табыстары үшін», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен, «Қазақ КСР жоғары мектебінің үздік қызметкері» ардақты атағымен және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған.

Белгілі ғалым, профессор, әдебиетші Әбіш Байтанаев – көптеген ғылыми еңбектердің, бірнеше кітаптың, бірқатар көркем шығармалардың авторы. Ол педагог кадрларды даярлау ісіне айтарлықтай үлес қосты. Ә.Байтанаев өзінің терең білімділігі, біліктілігі, қарапайымдылығымен және кішіпейілділігімен ерекшеленіп, өзін білетіндердің арасында үлкен беделге ие болды.

Конференция жұмысына қатысуға конференция тақырыбы бойынша маңызды ғылыми-зерттеу нәтижелері бар Қазақстан, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының және алыс-жақын шетел мемлекеттерінің жоғары оқу орындары мен ҒЗИ профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар шақырылды.

 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
This question is for testing whether or not you are a human visitor and to prevent automated spam submissions.
Image CAPTCHA
Суретте көрсетілген символдарды енгізіңіз.