Іс-Тәжірибе

Педагогикалық практика

2018 – 2019 оқу жылы

 

­­­­­­­­­­­­­­­­­Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Кәсіптік-шығармашылық» факультеті Музыкалық білім кафедрасының 2-курс 106-17 тобының студенттері 21.01.19–02.02.19ж., 3-курс 106-16 тобының студенттері 21.01.19–09.02.19ж., 4-курс К106-15 тобының студенттері 21.01.19–23.02.19ж. аралығында өндірістік (педагогикалық) практикадан өтті. Жауапты жетекші болып  А.А.Балабекова  әдіскерлік қызмет атқарды.

Педагогикалық практика

Мақсаты – студенттерді музыка пәнінің мұғалімі және сынып жетекшісі қызметтерін толық атқаруға оқушылармен жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының жүйесін меңгеруге даярлау. Бұл практиканың барысында студент-практиканттың педагогикалық әрекеті мұғалімнің нағыз кәсіби қызметіне барынша жақын болуы тиіс. Мұғалім кадрларын кәсіптік тұрғыдан даярлау жүйесінде педагогикалық практика маңызды роль атқарады.

Міндеті: Теориялық сабақ барысында жинақталған қоғамдық-саяси, педагогикалық, психологиялық және арнайы білімдерді орнықтыру, тереңдету,  байыту, оларды нақтылы оқу - тәрбие міндеттерін шешуге қолдану; Мектептегі оқу-тәрбие жұмысының қазіргі жағдайымен, педагогикалық озат тәжірибесімен танысу, оқушылар ұжымын, олардың жас және дара ерекшелігін білу. Оқу-тәжірибе жұмысының ағымдық және перспективалық жоспарларын жүзеге асыруға атсалысу, ата-аналармен жұмыс жүргізу.

  Педагогикалық практиканың негізгі атқаратын жұмысы: қазіргі мектептегі тәрбие жұмысының жүйесі, оның бағыттарымен танысу  (рухани-адамгершілік, еңбек, азаматтық-елжандық, құқықтық, этикалық, полимәдениеттік т.б.), мектептегі мектеп пен отбасы ынтымақтастығының қызметі мен формалары. Ата-аналар жиналысын ұйымдастыру мен өткізу барысы. Тәрбие жұмысының тиімділігі мен нәтижесінің диагностикасын жасау. Сынып жетекшісінің киын балалармен жұмыс жүйесінің барысын бақылау және  талдау жасау. Қазіргі жағдайдағы балалар мен жас өспірімдерге арналған тәрбие сағатының тақырыптары мен ұйымдастырылуын бақылау, талдау жасау. Мектеп оқушыларының өзін-өзі басқару жүйесінің барысы туралы ақпарат жинау, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдаланудың жолдары (үйірмелер, қосымша сабақтар, т.б.). Мұғалім – оқушы, оқушы – оқушы, ата-ана – мұғалім – оқушы қарым-қатынасын, шағын топтағы психологиялық қарым-қатынасты зерттеу. Топ студенттері практиканы өте жақсы көрсеткішпен аяқтады. Әр студент өздеріне бекітілген сынып оқушыларын толық зерттеп, психологиялық тест жасап, ашық тәрбие сағаттарын өткізді.

            106-17 тобының студенттері:Д.Төлеген «Ұлы өнер тапқышқа бір қадам», А.Құрманбек «Мың бір мақал 101 жұмбақ», Г.Еркебай «Мен оффлайн», В.Омирзакова «Мен оффлайн» тақырыптарында ашық тәрбие сағаттарын жоғары деңгейде өткізді.

            Т.Тәжібаева №47 мектеп-гимназияда практикадан өткен 106-16 топ студенттері Майлыбай А., Манақ Д., Нуриддин А. музыка мұғалімі Г.Қуантаеваның жетекшілігімен ҚР Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Жақсылыққа жақсылық» тақырыбында «100 кітап» жобасын, «100 ән» тележобасын іске асыру іс-шарасын өткізді. Студенттер педагогикалық-психологиялық практикасының жұмыс  бағдарламасына сәйкес жұмыстар жүргізді. Әр студент бекітілген сыныппен, сынып жетекшісімен және пән мұғалімімен тығыз қарым-қатынаста болды.

   

2017-2018 оқу жылында 5В010600-Музыкалық білім мамандығының студенттері Шымкент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияда, №89 мектеп-лицейде, Ж.Омарова атындағы №1 балалар саз мектебінде, №46 мектеп-лицейде өндірістік (педагогикалық) практикадан өтті. Педагогикалық практиканың негізгі атқаратын жұмысы: сабақ беру, сабақ талдау, сынып жетекшілігі қызметін атқару және пән бойынша сабақтан тыс жұмыстар ұйымдастыру. Студенттер сабақтарын мына сабақтар түрінде өтті: аралас сабақ, сайыс сабақ, ойын сабақ, тартыс сабақ, қайталау сабағы. Сыныптан тыс жұмыстар да жүргізілді. Практиканттар сабақтарында өздері жасаған сапалы көрнекіліктерін үнемі пайдаланып, оларды мектепке қалдырды және сабақтарын бүгінгі күннің талабына сай өткізе білді. Тәжірибе барысында студенттердің барлығы да бір-бірінің сабақтарына еніп, сабақтарды талдау барысында әдіскерлермен бірге белсене атсалысып отырды. Студенттер негізгі оқу жоспарынан басқа да бірқатар жұмыстар атқарды. Пән мұғалімдеріне дәптер тексеру жұмысына қолғабыс жасап, үлгерімі нашар оқушылармен жеке жұмыс жүргізіп, қосымша сабақтар өткізді.

Студенттер әдіскерлердің басшылығымен психологиядан, педагогикадан, музыкадан тапсырмалар орындады. Оқушыларға психологиялық зерттеулер жүргізді. Студент-практиканттар ашық тәрбие сағаттарын өтті, атап айтсақ: 106-15 топ студенті Пірназарова Меруерт 5 д сыныбына  Музыка пәнінен «Түркі халықтарының музыкалық аспаптары», «Шығыс халықтарының музыкалық дәстүрі», «Европа халықтарының музыкалық дәстүрі», «Неміс халқының музыкалық дәстүрі» тақырыптарында сабақтар, «Басқа бәле тілден», «Мұқағали Мақатаев – мәңгілік ғұмыр», «Тәртіпке бас иген құл болмайды» тақырыптарында тәрбие сағаттары, Тұрсынбек Балажан Музыка пәнінен «Халық композиторы Дәулеткерей «Топан», «Халық композиторы Дәулеткерей «Құдаша» күйінің шығу тарихы», «Халық композиторы Дәулеткерей «Қосалқа» күйінің шығу тарихы» атты сабақтар, «Менің Қазақстаным-менің болашағым», «Аталар мұрасы – халық қазынасы», «Салт-дәстүр – алтын қазына», «Бірлік түбі-тірлік» тәрбие сағаттары, Еркінбек Нұршат Музыка пәнінен «Көңілді паравоз», «Салт-дәстүр», «Атпен серуендеу», «Халық ертегілері» тақырыптарында сабақтар, «Дені саудың жаны сау», «Әдепті бала-арлы бала», «Еңбек түбі береке», «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» тақырыптарында тәрбие сағаттары өтілді.

Студенттер пән мұғалімдері Б.Ауелбекова, Г.Елжанова, Б.Көлбаева, Г.Ернишевалардың әрбір сабақтарына ене отырып, әдістемелік тұрғыда өздерінің сұрақтарына жауап алды. Түрлі тақырыптар аясында сабақ жоспарларының үлгілерін жасады. Әр студент бекітілген сыныппен, сынып жетекшісімен және пән мұғалімімен тығыз қарым-қатынаста болды. Оқытудың жаңа, инновациялық технологияларын ендіру арқылы оқу үрдісінің сапасын арттыру мақсатында «Музыка» сабағында интерактивті тақтаны пайдаланды. Практика нәтижесінде, Қосақбай Айгерім мен Еркінбек Нұршат мектеп директорының алғыс хаттарымен марапатталды. Мектептердің материалды-техникалық базаларының жоғары деңгейде екендігін айта отырып, мектеп ұжымдарына және «Музыка» пәні мұғалімдеріне алғыс айтамыз!