МАМАЕВ ҚАЙРАТ

МАМАЕВ ҚАЙРАТ

филология ғылымдарының кандидаты

Мамаев Қайрат Серікбайұлы 1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, “Күйік” кеңшарына қарасты Қызылдала аулында туған. 1974-1982 жылдары Қызылдала сегізжылдық мектебінде, 1982-1984 жылдары қазіргі Рабат аулындағы Жданов атындағы орта мектепте оқыған, 1984-1991 жылдары Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетінде оқыды. Оның арасында 1985-1987 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеді. Әскери шені – запастағы сержант.

1991 жылы математика мамандығы бөлімін үздік бітіріп шықты. Студенттік жылдары институттың қоғамдық өміріне белсене араласты, №4 жатақхананың студенттер кеңесін, факультеттің оқу-әдістемелік комиссиясын басқарды.

Қ.С.Мамаев еңбек жолын 1991 жылы Шымкент педагогикалық институтының профессоры Қ.Бектаев басқаратын алгебра, информатика және есептеу техникасы кафедрасының жас маманы ретінде бастаған. 1991-1992 жылдары аталған кафедрада программалаушы, 1992-1994 жылдары оқытушы қызметтерін атқарды. 

1994-1997 жылдары профессор Қ.Б.Бектаевтың жетекшілігімен қолданбалы, құрылымдық және математикалық лингвистика мамандығы бойынша Қ.А.Ясауи атындағы  Халықаралық қазақ-түрік университетінің аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқыды. 1998-2007 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институтының (ХҚТУ ШИ) оқытушысы, аға оқытушысы, сырттай оқу факультеті деканының орынбасары, 2007-2008 жылдары ХҚТУ Шымкент институты магистратура бөлімінің, 2008-2011 жылдары Академиялық инновациялық университеттің (АИУ) Жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болды. 2006 жылы  ХҚТУ ШИ, 2008-2010 жылдары АИУ, 2011-2012 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының (ОҚМПИ) қабылдау комиссияларының жауапты хатшысы қызметтерін қосымша атқарған.

2009 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.Ғ.Еркебаеваның жетекшілігімен математика, информатика және тіл білімі ғылымдарын ұштастыра отырып, “Лексикалық бірліктерді лингвостатистикалық талдау (бастауыш сыныптың “Ана тілі” оқулығы мен хрестоматиясы бойынша)” атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын  қорғады.

2011 жылдан ОҚМПИ-де Инновациялық технологияларды ендіру және ақпараттық-сараптама орталығын басқаруда. 

Қ.Мамаевтың 51 ғылыми-әдістемелік еңбегі жарық көрген. Ол – 25 ғылыми және 14 оқу-әдістемелік мақаланың, 5 оқу құралы мен 6 оқу-әдістемелік құралдың, 1 электрондық оқулықтың авторы. Атап айтқанда: “Компьютер – оқу жүйесiнде” (1996), “Компьютерлік технология” (1998), “Қолданбалы информатика” (2000),  “Контрольные работы по предмету “Численные методы” (2005), “Численные методы” (2007), “Сандық әдістер” (2010), “Сандық әдiстер пәнінен лабораториялық жұмыстар” (2010) атты еңбектері ЖОО-лардың оқу процесінде заман талабына сай оқу құралдары ретінде пайдаланылып келеді.