Оңалбай Аяшев «Жемқорлыққа қарсы күрес» жүйесіне байланысты институттың профессор-оқытушылар құрамымен, студенттермен кездесті

29.10.2015 күні институт ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев «Жемқорлыққа қарсы күрес» жүйесіне байланысты институттың профессор-оқытушылар құрамымен, студенттермен кездесті.

Ол өз сөзінде 23.10.2015 ж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жемқорлыққа қарсы күрес бойынша үйлестіру кеңесінде айтылған келелі мәселелерге тоқталды. 

ҚР Білім және ғылым министрлігі бұдан былай жоғары оқу орындарында «Құқық негіздері» пәніне Қазақстанның жемқорлыққа қарсы күрес саясаты бөлімі енгізілетінін айтты. Аталмыш өзгерістер «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының және ҚР-ның 2015-2017 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын орындау аясында енгізіледі. Осыған орай, республикалық оқу-әдістемелік кеңестің шешімімен 2015 жылғы шілде айында барлық ЖОО-лар үшін «Құқық негіздері» пәнінің жаңа типтік бағдарламасы мен «Жемқорлыққа қарсы күрес» оқу-әдістемелік құралы бекітілді. Жаңа типтік бағдарламаға «ҚР жемқорлыққа қарсы күрес саясаты» бөлімі енгізілді. Онда жемқорлықтың, жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің, жемқорлыққа қарсы этикасы және «Мәңгілік ел» идеологиясы аясындағы қазақстандық қоғам мәдениетінің позициялары сынды жайттар кірген. Сонымен бірге жоғары оқу орындарында жастарды жемқорлыққа төзбеушілік рухта тәрбиелеу ісі қадағаланатын болады.

Бұдан соң институттың І проректоры-оқу ісі жөніндегі проректоры Исабек Б.Қ., жастар саясаты бөлімінің  меңгерушісі Атығаев Ы., студенттік ректор Өмір А., Ғылыми кеңес мүшесі, филология факультетінің 4-курс студенті Теңгебаева Ә., тарих факультетінің студенттік деканы Амангелді Г., жаңа технология және өнер факультетінің студенттік деканы Есенбекова С.,   ортаға шығып, аталған мәселеге байланысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты ұжымы:

- жемқорлықтың орын алуы мен оның қауіптілігін сезіне отырып, білім беру қызметінде түрлі формадағы келеңсіздіктерге қарсы қауым болып күреспей табыстарға жету мүмкін еместігін түсінеді;

- ЖОО-да жемқорлықтың қандай да бір әлеуметтік келеңсіз сорақылық түріне студент жастар арасында нөлдік шыдамдық қалыптастыруды нақты қолға алады;

- жемқорлықтың тек білім беруде ғана емес, оның бүкіл ұлт қауіпсіздігіне зиян екенін түсінеді;

- ҚР-ның жоғары оқу орындары жемқорлықтан туатын проблемалардың мемлекет пен қоғамға, демократиялық институттар, этникалық құндылықтар мен жалпы адамгершілікке келтіретін зиянын және бүкіл білім беру жүйесіне қауіп тудыратынын ескере отырып, оны алдын алудың негізгі принциптерін жариялайды және оны орындау мен насихаттауды міндетіне алады.

Жиын соңында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жазбаша емтихандарды өткізу процедурасына өзгерістер енгізу, дипломдық жұмыс жазу барысына қойылатын талаптарды күшейту, босаған гранттық мемлекеттік білім гранттарын тағайындау  бойынша комиссия құрамына жастарды, студенттік декандар мен студенттік өзін-өзі басқару кеңесінің мүшелерін тарту, т.б. туралы шешім қабылданды.