АҒМАНОВА ФАТИМА

АҒМАНОВА ФАТИМА (1956-2011)

Ағманова Фатима Егембердіқызы 1956 жылы Шымкент облысы, Киров ауданында дүниеге келді. 1973 жылы Шымкент қаласындағы №26 Жамбыл атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматы шетел тілдері педагогика институтының ағылшын тілі факультетіне түсіп, оны үздік бітірді.

1977 жылдан бастап Шымкент педагогикалық институтында және  А.П.Чехов атындағы  №21 орта мектепте ағылшын тілі пәнінен дәріс берді. 1991-1994 жылдары Қазақстанның әлеуметтік дамуға несие беретін «Акционер» банкінің Шымкент филиалында ағылшын және қазақ тілдерінің оқытушысы әрі аудармашы қызметін атқарды.

1995-2011 жылдары Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ ШИ-де, АИУ-да  ағылшын тілі кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы қызметтерін атқарды. Ағылшын тілі фонетикасының теориясы, грамматикасының теориясы, әдістемесі, лексикология, елтану, аударма теориясы, стилистика пәндері бойынша ағылшын тілінде лекциялар оқыды. Ағылшын тілін, қазақ тілін өзге  тілді аудиторияда оқыту, тілдерді салыстырмалы зерттеу, аударма мәселелері бойынша 50-ден астам еңбектері жарық көрді. «Translation», «English and American Literature», «English Supplementary», «Тілді білсеңіз – елді білесіз», «Қазақша сөйлегіңіз келе ме?» т.б. оқу-әдістемелік құралдарын ағылшын тілі мамандығының студенттері кеңінен пайдаланып келеді. Білікті ұстаз «СОРОС –Қазақстан» қорының грантын иеленген.