ИСМАҒҰЛОВА БАЯН

ИСМАҒҰЛОВА БАЯН

филология ғылымдарының докторы, профессор

Исмағұлова  Баян Хамзақызы 1952 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Орта мектепті 1969 жылы бітірді. 1969-1975 жылдары Шымкент педагогика институтының филология факультетінде қазақ мектептеріндегі орыс тілі мамандығы бойынша оқып бітірді. 1975-1979 жылдары КСРО Педагогика ғылымдары академиясы жанындағы орыс тілін ұлттық мектепте оқыту Ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқып, 1980 жылы Мәскеуде 13.00.02 – Орыс тілін оқыту әдістемесі мамандығы бойынша «Научные основы содержания спецкурса «Семантическое развитие русских слов и методика его преподавания в национальном педвузе» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. КСРО Жоғары аттестациялық комитетінің шешімімен педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. 1986 жылы КСРО Жоғары аттестациялық комитетінің қаулысымен доцент ғылыми атағы берілді. 2006 жылы докторлық диссертация қорғап, 2009 жылы профессор ғылыми атағына ие болды.

Еңбек жолын 1973 жылы Шымкент педагогика институты орыс тілі кафедрасында оқытушылықтан бастады.

1980-1998 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық  институты орыс филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, доценті, 1983-87 жылдары филология факультеті деканының  орынбасары, 1996, 1997 жылдары орыс филологиясы факультетінің деканы. 1993-1996 жылдары осы институт жанындағы кандидаттық диссертация қорғайтын кеңестің ғалым хатшысы, 1998-1999 жылдары                      Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясы Жоғары білім институтының ғалым хатшысы, 1999-2005 жылдары ЮНЕСКО-ның бірлескен «БЭСТ» мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі қызметтерін атқарды.

2005 жылы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының доценті, 2007-2010 жылдары осы академияның тілдер кафедрасының меңгерушісі қызметінде болды. 2010 жылдың қыркүйегінен бері осы кафедрада профессор қызметінде.

1992 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1997 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2009 жылы  «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған.

 150-ден астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектері қостілділік, қазақ және орыс тілдерінің салыстырмалы типологиясы және қазақ (орыс)  аудиториясында орыс (қазақ) тілін үйрету мәселелеріне арналған.