САХОВ САПАРБЕК  МҰСАХАНҰЛЫ

САХОВ САПАРБЕК  МҰСАХАНҰЛЫ

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

 Сахов Сапарбек  Мұсаханұлы 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінде дүниеге келген. Сахов Сапарбек Мұсаханұлы өзінің еңбек жолын 1967 жылы Шымкент фосфор тұздары зауытында жұмысшы болып бастады.

1968-1970 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді. “За воинскую доблесть” медалімен марапатталып, қатардағы жауынгерден зениттік – артиллерия батареясының старшинасына дейін көтерілді. Әскери бөлім комсомол ұйымы хатшысының орынбасары болып сайланды.

С.Сахов 1971-1976 жылдары Шымкент педагогика институтында оқыды. 1976 жылы аталған оқу орнын бітірген соң, Шымкент облыстық комсомол комитетінің аппаратына жұмысқа жіберілді.

1977-1987 жылдары Шымкент қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарында ғылыми-педагогикалық қызмет атқарды. Осы жылдары ол ғылыми диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды.

1987-1992 жылдары Шымкент қаласы Дзержинский аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінде, облыстық партия комитетінің идеология бөлімінде жауапты қызметтер атқарды. Шымкент мемлекеттік фармацевтика институтының партия ұйымының хатшысы, аталған оқу орнының проректоры болды.

1992-1995 жылдары жергілікті атқару органдарында басшы қызметтерде болды.

1995 жылы қарашада С.Сахов № 5 кәсіптік-техникалық училищенің директоры болып тағайындалды. Осы қызметте жүріп 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. 2002 жылы екінші сайланған Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы қызметіне сайланды.

«Отан» РСП облыстық филиалының саяси кеңесінің мүшесі, бюро мүшесі, төрағасының орынбасары, төрағасы және республикалық саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды.

С. М. Сахов 2003 жылдан бүгінгі күнге дейін Шымкенттегі жеңіл өнеркәсіп саласына тігіншілер даярлайтын №5 кәсіптік лицейдің басшысы қызметін нәтижелі түрде жалғастыруда.

С.Саховтың 2010 жылы жарық көрген «Толқынды теңіз заманам» атты көлемді кітабы оқырман қауымға мемлекеттік саясат пен идеологияны, тәуелсіздік пен егемендікті нығайту, Президентіміздің бағыт-бағдарын қалың көпшілікке насихаттау ісіне қосқан үлес болып табылады.

С.Сахов кәсіптік білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін 1997 жылы Қазақстан Республикасының “Білім беру ісінің үздігі” белгісімен, 2002 жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл мерекелік медалімен, 2005 жылы “Құрмет” орденімен марапатталған.