ПОШАЕВ ДАНАБЕК

ПОШАЕВ ДАНАБЕК

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Пошаев Данабек Қолдасұлы 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында дүниеге келді. 1972 жылы Шымкент педагогика институтына оқуға түсіп, оны 1977 жылы Жалпытехникалық пәндер, физика және еңбек мамандығы бойынша бітірді.

Д.Пошаев 1979-1983 жылдары ШПИ-де аға оқытушы, факультет партия ұйымының хатшысы қызметтерінде болды. 1983-1988 жылдары Мәскеу қаласында КСРО Педагогика ғылымдары академиясының «Еңбекке баулу және кәсіби бағдар беру» ғылыми-зерттеу институтының стажер-зерттеушісі, аспиранты болды. 1988 жылы аталған институтта «Кәсіби оқытудың политехникалық негіздері» тақырыбына педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғады. Д.Пошаев – Кеңес одағы мектептерін реформалауға байланысты (1984 жыл) Одақ бойынша 5–7 сыныптарда еңбекке баулу, 8-10 сыныптардағы кәсіби оқыту бағдарламаларының авторы болды.

  Оған 1993 жылы педагогика доценті ғылыми атағы берілді. 1988-1996 жылдары Шымкент педагогикалық институтының Жалпытехникалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.

  1996-2000 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің Жаратылыстану – педагогика факультетінің деканы қызметін атқарды. Қазіргі кезде Кәсіпке баулудың теориясы мен әдістемесі кафедрасының доценті қызметінде.

  Ұлттық білім беру мазмұнын қалыптастыру бағытында ізденушілерге басшылық жасай отырып, бірнеше құнды мақалалар мен ұсыныстарды жариялады. Білімгерлердің білім сапасын басқару, олардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған әрекеттерін қалыптастыру мәселелері бойынша ізденушілерге ғылыми басшылық жасай отырып, халықаралық деңгейде бірнеше мақалалар жариялады. «Ұлттық білім беру мазмұнының теориясы мен практикасы» тақырыбы бағытында ғылыми зерттеулер жүргізуде.

  Ғылыми педагогикалық қызметі барысында ЖОО-ларға арналған 6 білім стандартының, 6 арнаулы оқу орны, 6 орта мектеп бағдарламасының, 8 ЖОО типтік бағдарламаларының, 100-ге жуық мақалалардың, 10 оқу құралының авторы. Оның ішінде: «Жалпытехникалық терминдердің орысша-қазақша сөздігі, «Автоматика, электроника және электротехника терминдерінің түсіндірме сөздігі», «Ғылыми-педагогикалық зерттеу негіздері», «Мамандыққа кіріспе», «Педагогика, педагог және заман талабы», «Мамандық таңдау негіздері» т.б. оқулықтар мен оқу құралдары бар.

ҚР Білім беру ісінің үздігі. Облыстық кәсіподақ Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.