Қазақстан жасампаз болашақ жолында

18.01.16

Қазақстан жасампаз болашақ жолында

Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы дүйім елді бей-жай қалдырмағаны анық. Өйткені, онда бесіктегі баладан бастап, жалындаған жастың, еңкейген қарттың жайы сөз болған. Мені әсіресе, мақаладағы  Мемлекеттік кәсібилендіру бөлімі елең еткізді. Мұнда мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталатындығы жайлы егжей-тегжейлі айтылған. Енді мұнан былай мемлекеттік қызметке тек кешенді іріктеу арқылы ғана орналасуға болады. Мамандардың қызмет бабында сатылап өсуіне  заңдық негіз қаланып отыр. Мұндай жағдайда ең алдымен қызметкердің біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесі есепке алынатыны әрбір азаматтың бойында өз ісіне деген құлшыныс оятатыны анық. «Не ексең, соны орасың» дегендей, жұмысшының жалақысы да төккен тері ескеріліп төленетіндігі айтылыпты. Аса нәтижелі жұмыс үшін бонус төлеу де жаңа жүйеге еніп отыр екен.. Өзім секілді қаншама студент биыл жоғары оқу орнын аяқтап, колдарына диплом алады. Ал олардың әрбірі мемлекеттік қызметтен үмітті екендігі рас...

 Құрдастарым, жаңа жүйе алдымызға жоғары талаптар қойып отыр. Сондықтан  тек білімді, креативті жандардың ғана жұмысқа орналасуда жолы болатынын мықтап еске ұстайық. Осы жолда талаптанып, алға ұмтылайық. Өйткені, бәсеке болған жерде шыңдалу бар. Әрбір ісіміз сапалы болады. Сол арқылы біз қазақстандық арманның көп ұзамай орындалуына сеп бола аламыз!

Филология факультетінің 4-курс студенті, Ғылыми кеңес мүшесі Теңгебаева Әсел