БАЙЗАҚ   ҮСЕН  

БАЙЗАҚ   ҮСЕН  

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Байзақ Усен Ахметұлы 1948 жылы Шымкент қаласы маңындағы Ақжар  елді мекеніне қарасты  Айкөл  ауылында өмірге келген.

1966 жылы Түркістан қаласындағы  № 386 темір жол орта мектебінің 11-сыныбын аяқтап, еңбек жолын Түркістан механикалық  жөндеу зауытында  электрик  болып бастаған.

1967 жылы Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түсіп, оны 1971 жылы физика оқытушысы мамандығы бойынша  аяқтады. Сол жылы Шымкент қаласындағы №26 орта мектепке  физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданды. 

1978-80 жылдар аралығында Шымкент  дене тәрбиесі техникумында физика пәнінен дәріс берді. 1980-2004 жылдар аралығында  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының  медициналық  физика және биофизика, медициналық техника кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті қызметтерін атқарды. Ол  медициналық академияның  фармацевтика, емдеу ісі және педиатрия факультеттері  деканының  орынбасары  қызметтерінде болды. Осы жылдар ішінде Москва мемлекеттік университетінің  аспирантурасында  «Аспан механикасы» бойынша   ғылыми зерттеу жұмыстарымен  айналысып, 1988  жылы кандидаттық  диссертация  қорғады.

2004 жылы  Қ.А.Ясауи атындағы  Халықаралық қазақ-түрік университеті басшылығының шақыруымен  университеттің оқу әдістемелік басқармасының бастығы, кейін оқу-бақылау  басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.

Ол 2010 жылдан  осы уақытқа дейін  Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ  Шымкент қаласындағы оқу  клиникалық базасының оқу басқармасы бастығы қызметінде.  

Жоғары медициналық оқу орнындағы көп жылғы  тәжрибелерін  жинақтап, Қазақстанда алғаш рет  медициналық  жоғары оқу орындары студенттерін кәсіби даярлауда  медициналық   техникаларды  қолданудың  ғылыми педагогикалық  негізін жасады. Осы мәліметтер негізінде педагогика ғылымдары саласы бойынша докторлық диссертациясын  қорғады.  Сонымен қатар ол тест даярлаудың  жаңа технологиясын жасап, оны қолдануға ұсынды. Студент білімінің көрсеткіші рейтингті стандарттаудың  технологиясын  алғаш болып  ұсынды.

Көп жылғы ғылыми педагогикалық ізденістері нәтижесінде  жоғары оқу орындары студенттері  мен  PhD докторанттарына  арнап жазған  10-нан аса оқулық, оқу құралдары жарық көрді. Олардың  қатарында 1998 жылы Шымкент қаласы «Жібек жолы» баспасында «Основы медицинской техники», 2005 жылы Алматы қаласы Білім баспасында «Медицинская техника», «Медицинская аппаратура квантовой и нетрадиционной медицины», «Медициналық биофизика мен медтехника бойынша лабораториялық практикум», 2008 жылы «Телемедицинские технологии в системе здравоохранения», 2011 жылы «Болашақ дәрігерлерді кәсіби дайындауда медициналық техникаларды қолданудың педагогикалық технологиясы», «Физикалық факторларды медицинада қолдану» және т.б.  120-дан аса ғылыми мақалалары бар. Оның ғылыми еңбектері мен мақалалары  Ресей, Украина, Польша, Түркия және т.б. шет елдерде жарияланды.

Педагогика ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Ресей  жаратылыстану академиясының корреспондент  мүшесі Ү.А.Байзақ 2011 жылы «ҚР жоғары оқу орнының  үздік оқытушысы» мемлекеттік  грантының иегері атанды, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  Құрмет грамотасымен       (1998),  ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР оқу ісінің үздік қызметкері»  төсбелгісімен (2000) марапатталған.