МОЛДАБЕК ҚҰЛАХМЕТ

МОЛДАБЕК ҚҰЛАХМЕТ

филология ғылымдарының докторы

Молдабек Құлахмет 1947 жылы Ордабасы ауданы, Шұбар ауылында дүниеге келген.

1954 жылы Тұмсық бастауыш мектебіне оқуға барып, 1965 жылы Шымкент қаласындағы №7 Қ.Сыпатаев атындағы орта мектепті бітіреді. Сол жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Оны 1969 жылы бітіріп, сол кездегі Бөген ауданы Бөржар ауылындағы Абай атындағы орта мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

1977 жылдың 17 қаңтарында Шымкент  педагогикалық институтының бастауыш оқу теориясы мен әдістемесі кафедрасында лаборант, 1979 жылы оқытушы, 1983 жылы аға оқытушы, 1989 жылы доцент, 1993 жылдан кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2000 жылдан бастап М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақтан мемлекеттік университетінің бастауыш оқу теориясы мен әдістемесі  кафедрасында профессор және кафедра меңгерушісі қызметін атқарса, қазіргі күні Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтында ғылыми істер жөніндегі проректор  қызметін атқаруда.

1985 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясына қарасты А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Бектаев Қалдыбайдың жетекшілігімен «Төменгі сынып оқушыларына арналған текстерді лингвостатистикалық зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын,  2010 жылы «Бастауыш мектеп те қазақ тілін қатысым әдісі арқылы оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.

Осы уақытқа дейін 200-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектерін жариялады. Атап айтсақ,  «Балалар әдебиеті текстінің алфавиті жиілік сөздігі», «Учебно-методическое пособие по использованию казахско-русских словарей», «Бастауыш класс оқулықтары текстінің сөздігі», «Қысқаша қазақша-орысша сөздік», «Бастауыш класта тіл дамыту», «Бастауыш класта зат есімді оқыту», «Бірінші класс оқулықтары тексінің түсіндірме сөздігі», «Дифференциация обучения в начальной школе», «Бастауыш мектепте жазу жұмыстары арқылы тіл дамыту», «Бастауыш мектепте тіл дамыту», «Проблемный урок в начальной школе, «2-сынып Математика және Табиғаттану оқулықтары мәтіндерінің түсіндірме сөздігі», «2-сынып Ана тілі оқулығы мәтінінің түсіндірме сөздігі», «Интенсификация учебного процесса в начальной школе», «Қазақ тілі (Фонетика, лексика)», «Бастауыш мектепте зат есімді оқыту (2, 3 – сыныптарда)», «Қазақ тілі (Морфология, синтаксис)» атты оқу және оқу-әдістемелік құралдары мен «Бастауыш мектеп оқушыларына қазақ тілін қатысым әдісі арқылы оқытудың теориялық негіздері», «Бастауыш мектеп оқушыларына қазақ тілін қатысым әдісі арқылы оқытудың әдістемелік негіздері», «Қатысым әдісі теориясы мен әдістемесі» атты монографиялары жарық көрген. Бұл еңбектері оқу үдерісінде пайдаланылуда.

Бірнеше ғылым кандидаттарын дайындап шығарды.