КӨШЕРОВ ӘММЕН

КӨШЕРОВ ӘММЕН

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Көшеров Әммен Жантобаұлы 1946 жылы Түркіменстандағы Мары облысында дүниеге келді. Отбасының Қазақстанға қоныс аударуына байланысты, ол 1965 жылы Ленгір қаласындағы №2 орта мектептің 11-сыныбына қабылданып, оны күміс медальмен бітірді.

1965 жылы Шымкент педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы физика пәні мұғалімі мамандығы  бойынша үздік дипломмен бітірді.

Ә.Көшеров өзінің еңбек жолын 1969 жылы Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы мектепте мұғалімдік қызметтен бастады.

1970-1993 жылдары Ленгір қаласындағы мектептерде физика және математика пәндерінің мұғалімі, директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарды.

1993 жылдан бастап педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында қызмет атқара бастады. 2002 жылдан осы аталған институттың кафедра меңгерушісі болды.

2002 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, ал 2005 жылы доцент ғылыми атағын алды.

Ә.Көшеров өзінің педагогикалық қызметін атқара жүріп, физика пәні мұғалімдері және жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 3 томдық «Физика есептері» кітабын, «Физикадан сапалы есептер», «Физикадан 310 тәжірибелік көрсетілімдер», «Алгебра мен физиканы байланыстыру негізінде функционалдық тәуелділікті меңгеру» сияқты аса маңызды көмекші оқу құралдарын жасап шығарды. Ә.Көшеровтің 60-тан астам ғылыми – әдістемелік мақалалары жарық көрді.

Ә.Көшеров ғылыми педагогикалық қызметіндегі жоғары көрсеткіштері үшін, Қазақстан Республикасының Оқу үздігі төсбелгісімен, Еңбек даңқы орденімен, Н.Крупская атындағы медальмен, Қазақстан Оқу Министрлігінің Құрмет грамотасымен және көптеген мақтау грамоталарымен марапатталды.

2012 жылдан бастап Ә.Көшеров Халықаралық гуманитарлы-техникалық университетінің есептеу техникасы және сертификаттау, стандарттау кафедрасының доценті қызметін атқарып, ғылыми-әдістемелік мәселелерді шешу бағытында ізденімпаздықпен жұмыс жасауда.