СИХЫМБАЕВ ИГІЛІК

СИХЫМБАЕВ ИГІЛІК

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Сихымбаев Игілік Бейсенұлы  1944 жылы Шымкент облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. 1969 жылы Шымкент педагогикалық институтын физика және жалпы техникалық пәндер оқытушысы мамандығы бойынша бітірген. 1969-1974 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық мәдениет институтының мәдени-ағарту жұмыстарының  теориясы кафедрасында оқытушы, 1975 жылдан бастап аға оқытушы болып қызмет атқарды. 1978-1981 жылдары Алматы шетел тілдері педагогикалық институты аспирантурасында оқыды.  

1981-1984 жылдары Мәдени-ағарту  жұмыстары факультеті деканының орынбасары қызметінде болды. 1988-1997 жылдар аралығында Мәдени-ағарту жұмыстарының теориясы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 1997-1999 жылдары аға ғылыми қызметкер, 2001-2011 жылдары Мәдениеттану, әлеуметтік жұмыс және музей ісі кафедрасының меңгерушісі болды.

Ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі бағыты – бос уақыттың педагогикасы, бұл ғылымдағы жаңа бағыт, ол осы саладағы еліміздегі жалғыз маман. Ғылыми -зерттеу мәселелері бойынша 1 монография, 15 оқу құралы, 200-дей ғылыми мақалалары алыс және жақын шет елдерде жарияланды. Оның жетекшілігімен 10 кандидаттық, 2 докторлық диссертация қорғалды. 1983 жылы журнал бетінде бұқаралық-саяси жұмыс тәжірибелерін жинақтау мен насихаттаудағы белсенділігі үшін Республикалық «Қазақстан үгітшісі» журналының Құрмет грамотасымен марапатталды.

1992 жылы Қазақстанның мәдениет саласына  жоғары білікті мамандарды тәрбиелеу мен дайындау ісіндегі сіңірген еңбегі үшін Шымкент қалалық халық депутаттары  кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ғылым саласына сіңірген зор еңбегі үшін 2003 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің  «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» атты төсбелгімен марапатталды. 2005 жылы көп жылғы жемісті еңбегі және қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін Облыстық мәслихаттың грамотасымен марапатталды.

13  бағытта  ғылыми-зерттеу ізденістерін жүргізетін №Б-ПИКИ 06-12-08 «Қазақстан халықтары  мәдениетінің қалыптасуы мен даму динамикасы» атты кешенді ғылыми-зерттеу тақырыбына жетекшілік жасайды. «Педагогикалық ғылымдар» сериясымен шығатын «Оңтүстік Қазақстан Ғылымы мен білімі» журналының бас редакторы. М.Әуезов атындағы ОҚМУ жанындағы  педагогика ғылымдары докторы ғылыми атағын беру жөніндегі Д  14.20.01 дисертациялық кеңесінің төрағасы.