МОЛДАЛИЕВА ДИНАИДА

МОЛДАЛИЕВА ДИНАИДА

филология ғылымдарының кандидаты, профессор

Байтанаева-Молдалиева Динаида Әбішқызы 1938 жылы Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы Есік ауылында мұғалімдер отбасында туған.

1945-1955  жылдары Шымкент қаласындағы №7 Қ. Спатаев атындағы орта мектепте білім алған. 1955-1960 жылдары Шымкент мемлекеттік педагогика институтында орыс тілі мен әдебиеті және қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқыды. Түрлі ұлт мектептерінде орыс, қазақ тілдерінен сабақ берген.

1966 жылы Д.Ә. Байтанаева-Молдалиева ҚазССР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасына түсіп, ғалым профессор Қ.Бектаевтың жетекшілігімен математикалық лингвистика саласында зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1985 жылы «Қазақ мәтінінің ақпараттық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

1974 жылдан бастап Шымкент пединститутында, кейінірек Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, сыртқы бөлімнің хатшысы, оқытушы, аға оқытушы, доцент, декан орынбасары, кафедра меңгерушісі, университет профессоры қызметтерін атқарды. 2011-2012 оқу жылынан ОҚМПИ қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының доценті қызметін атқарып келеді.

  Байтанаева-Молдалиеваның ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгертудің әдістемелік жолын зерттеу. Елбасы бекіткен мемлекеттік тілді дамытудың 10 жылдық бағдарламасы талабына сай Д. Молдалиеваның мемлекеттік қызметшілер үшін жазған «Мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту бағдарламасымен» қала мекемелерінде арнайы курстар жүргізілуде. Сонымен бірге «Мемлекеттік тілді меңгертуде жүргізілетін тестер», «Мемлекеттік тілді меңгертуде жүргізілетін лексикалық минимум», «Мемлекеттік тілді меңгертуде жүргізілетін бақылау жұмыстары», «Мемлекеттік тілді мамандыққа сай меңгерту» т.б әдістемелік оқу құралдары жарық көрген.

Д.Молдалиева  өзінің әдістемелік, шығармашылық жүмыстарын Оңтүстік Қазақстан облысы білім департаменті «Білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау»  орталығымен бірлікте жүргізеді. Бұл орталықта жүйелі түрде ұйымдастырылатын курстарда орыс, өзбек, тәжік мектептерінде мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі бойынша лекциялар оқып, практикалық сабақтар жүргізеді, түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастырады.

2009 жылдың қазан айында Д.Молдалиева «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» атты Республикалық конкурсқа қатысып, Шымкент облысы бойынша бас жүлде иегері болған.