Кемеңгерлік келбеті

02.12.15

Еліміздің Тұңғыш Президенті күні мерекесі күніне орай биылғы жылы ОҚМПИ-да өткізілген мерекелік іс шаралар студентердің жадында тағылымды да әсерлі тұстарымен есте қалды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін өнер байқаулары, қолөнер шеберлерінің көрмесі, спорттық шараларды айтпағанда жастар бұл жолы ұлттық мүдде мен ел Тәуелсіздігі жолында ерен еңбек сіңірген екі бірдей танымал тұлғамен жүздесіп, пікірлесті. Олар «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов пен қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.
Ат жалын тартып, ел ісіне араласқалы бері ұлтымыздың руханиятына өлшеусіз тер төгіп келе жатқан Мырзатай аға туралы айтар ой да, сөйлер сөз де шетсіз, шексіз. Күнделік - өміріңнің айнасы. Ол тек өзіңнің ғана емес, сол дәуірдің шежіресі. Оқу ордасының басшысы Оңалбай Аяшев қонақпен болған сұхбат барысында жастарға оның өмір өткелдері бәдізделіп, бедерленген қойын кітапшасы - күнделігенен біраз үзінділер оқып берді.
- «Мырзатай көпбалалы отбасында өсті. Ол жастайынан-ақ ұқыптылығымен, тазалықты сүйетін қасиетімен дараланатын. Бүлдіршін кездің өзінде өзге үйге қонбауға тырысатын. Кейде амалсыз қалғанның өзінде анасы сол жерге сүлгісі мен сабынын жеткізіп беретін-ді. Осы қасиет есейе келе жан сарайы адалдық пен ізгілік, парасатқа толы болмысты қалыптастырды.» Бұл - Мырзатай Жолдасбековтың күнделік кітапшасының алғақшқы беттеріне пікір қалдырған замандастарының ойы.
Қайраткер тұлғаның сан қырының бір - оның өнерпаздығы. Күй өнеріне көңіл қойып, ерінбей-жалықпай зерттейтіні, өзінің де сазгерлікке бейімділігі жазбаларынан айқын аңғарылып тұрады. Мырзатай аға әңгімесін өзі шығарған бір әннің тарихынан бастады.
- Менің ата-бабам елші болмаған адамдар. Тәуелсіз мемлекетіміздің арқасында Иранға елші болып бардым. Бұрын көрмеген жерім еді. Бөтен жұрт, өзгеше дәстүр. Өмір сүру салты да бөлек. Сөйтіп жүргенде жұбайым базардан екі тотықұс сатып әкелді үйге. Елді қатты сағынып жүрген шағым. Ондайда көңілге демеу болатын - қара домбыра. Бірде сағыныштың жетегі болар, көкейге бір әуен ұялады. Құлақ күйім секілді талайдан бері санаға тыным бермей жүрген таныс саз. Ақырын соны шерте бастадым.... Аздан соң айналама қарсам, тордағы құстар мүлгіп отыр. Таңғалдым, менің шерімді осылар да түсініп отыр-ау дедім. Олармен өзімше сырластым. Соны қайталап жүріп, «Тотықұс» әні шықты. Сөзін де жаздым. Қазір бұл әнді Мейрамбек Беспаев пен Мақпал Жүнісова орындап жүр.
Мұнан соң Мырзатай Жолдасбеков әңгімесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы тебіреністі ойларымен әрі қарай жалғай түсті. Ол – еліміздің Тұңғыш Президенттің ұстазы да. Мұғалімдіктің майталман жолына түскен жас оқытушы сол кезде-ақ алдында Нұрсұлтан есімді баланың бойындағы жеке дара қасиетті бағамдап үлгерген еді. Қайраткер тұлға осылайша сөзін сабақтай түсіп, Тәуелсіз Қазақстанның тарихына да көз жүгіртті.
- Одақ тарағаннан кейін еліміз дағдарысты бастан кешірді. Зауыт фабрикалар күйреді, балабақшалар, мектептер, мәдениет ошақтары талан таражға түсті. Экономика құлдырады. Ел күйзеліске ұшарады. Нендей қиындық болмады дейсіз? Осы кезеңде ел тізігінін қолына алған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қалың елді қиямет қайымнан әупірімдеп алып шықты. Ішкі сыртқы қиындықтармен арпалыса жүріп аса маңызды жобаларды жүзеге асырды. Сөйтіп Қазақстанды әлемдік қауымдастықтың қатарына қосты.
Кездесу барысында Мырзатай Жолдасбеков өзі оқыған кезеңнің қазіргімен мүлдем салыстыруға келмейтінін де тоқталды. – Мен өзімінің мектеп қабырғасында үздік оқып, қалайша мақтау қағазын алғаныма әрі қарай жоғары оқу орнында білім алғаныма қайран қаламын. Қазір еліміздің шалғай деген ауылдарының өзіндегі мектептердің материалдық базасы мықты. Ғаламторды еркін пайдаланатын кез туды. Біздің кезімізде мұның бірі де жоқ болатын. Ал қазіргідей заманда білімге ұмтылмау нағыз күнә. Еліміздің болашақ маманы ретінде сіздер, әрдайым алдарыңызға биік мақсаттар қойып, соны еңсеруге ұмтылыңыздар, - деді ол.
Кездесу соңында студенттер әсерлі әңгіме үшін ел ағасына алғыс білдіріп, өз қолдарымен тіккен мантияны сыйға тартты. Ғылыми кеңестің шешімімен Мырзатай Жолдасбековке Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік институтының профессоры атағы берілді.