Біздің сайттың құрметті қонақтары!

Құрметті достар!

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің сайтына қош келдіңіздер! Университет қызметіне қатысты қызықтырған мәселерді Сіздермен бірге талқылау үшін ректор блогында кездескеніме қуаныштымын!

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті – ғасырға жуық тарихы бар, ұстаздар ұстаханасы атанған ордалы оқу орны. ҚазССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен 1937 жылы ашылған мұғалімдер институты 1954 жылы Н.К.Крупская атындағы Шымкент педагогикалық институты болып қайта құрылды. 1987 жылы М.Әуезовтің есімі берілді. 1993 жылдан бастап түрлі өзгерістерге ұшыраған жоғары оқу орны 2011  жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты  болып қайта ашылды. 2015 жылы Халықаралық аккредиттеу ұйымынан институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден өтті. 2017 жылы 17 қарашада Үкімет қаулысымен университет мәртебесін иеленді.

ОҚМПУ – ҚР 2018 жылғы 4-шілдедегі «ЖОО академиялық және басқару еркіндігін кеңейту туралы» заңнамалық актісіне сәйкес 28 мемлекеттік жоғары оқу орындарының ішінде тұңғыш болып  коммерциялық емес акционерлік қоғамға өткен іргелі білім ордасы.

Университет  миссиясы – білім саласындағы озық тәжірибелер негізінде адами капитал сапасын арттыру. Университет көрінісі – жаңа форматтағы білім беру және ғылым хабына айналу.

ОҚМПУ –  “Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі -2019” рейтингісі бойынша «Топ-20» ҚР жетекші жоғары оқу орындарының  арасында  – 8,  педагогикалық бағытта мамандар даярлайтын ҚР жоғары оқу орындарының  арасында 4-орында.  Ұлыбританияның Оксфорд университеті «Аймақтар арасындағы ең үздік жоғары оқу орны» деп  таныған білім күмбезі. Бұл ғылыми дәрежесі мен атағы – 51,5%-ды құрайтын, 100% біліктілігін арттырған оқытушы-профессорлар мен ізденімпаз студенттер еңбегінің жемісі.

 Университетте  34 білім беру бағдарламасы бойынша білім бакалавры,  22 магистратура және 11 докторантура бағытында мамандар даярланады. 3 оқу корпусы мен 5 студент үйінде ғаламтор қолжетімді. Оқу корпустарында арнайы демалыс бұрыштары бар. Мамандандырылған зертханалар мен лингафонды кабинеттер, ағаш,  темір, тігін, қол өнер шеберханалары, арт-терапия кабинеттер, баспахана, кітапхана мен оқу залдары студенттерге тәулік бойы қызмет етуде. «Назарбаев», «Рухани жаңғыру», «100 жаңа оқулық» орталықтарында, «Ұлы дала өркениеті б.з.д.100 мың жыл – б.з. ХІІ ғ» көрме залында,  «Рухани жаңғыру» алаңында,  алты ақысыз  «IT-SYNYP», «Нұр шаңырақ» студенттер театры мен «Көркем әдебиет» орталығында, «Ұлттық мұра» студенттер мұражайында, түрлі үйірмелер мен клубтарда студенттердің бос уақытын тиімді пайдалануға барлық мүмкіндіктер жасалған. Студенттер Венгрия, Польша, Германия, Латвия, Болгария, Ұлыбритания, тағы басқа шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарында  академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білімін ұштауда. Елуге жуық шетелдік профессорлар университетке келіп дәріс оқуда. Университет студенттері Халықаралық, Республикалық,   облыстық,  қалалық байқаулардың жеңімпаздары. Жүзге жуық Халықаралық, республикалық ғылыми-әдістемелік конференциялар мен симпозиумдар өткізіліп, шетелдерден екі жүзге жуық ғалымдар мен ұстаздар  келді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үш ай сайын «ОҚМПУ Хабаршысы – Вестник ЮКГПУ» ғылыми журналы жарыққа шығады.

Білім ордасының түлектері елімізде ғана емес, сонымен қатар таяу және алыс шетелдерде жоғары біліктілік пен жауапкершілік, білімдарлық танытып, қызмет атқарып жүргені – үлкен мақтаныш. Олардың арасында белгілі қоғам қайраткері, ақын, Мұхтар Шаханов, белгілі ғалымдар, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Асылбеков, елімізге белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Қүдайқұлов, филология ғылымдарының докторы, профессор, Әбсаттар Дербісалі, экономика ғылымдарының докторы Мүсірәлі Өтебаев, белгілі ақын, драматург Исраил Сапарбаев, ақындар Нармахан Бегалы, Ханбибі Есенқара, Бақытжан Алдияр, айтыскер ақындар, облыстық «Өнер» мектебінің директоры Маржан Есжанова, филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал Леубаева, Шымкент  қалалық «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлова, әнші Алтынай Жорабаева т.б. бар.

Құрметті сайт қонақтары!

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетімен жете танысқыңыз келсе, оқу ордасына келіңіз!  Студент – біз үшін басты тұлға. Ашықтық пен жариялылық – уақыт талабы. Цифрландыру заманында мүмкіндікті жіберіп алмаңыз: Сіз сайтта пікір қалдырып, сұрақ қойып,  ұсыныстар білдіре аласыз.

Құрметпен, университет ректорының м.а Сүгірбаева Гүлжан Дәулетбекқызы.