Айтай Бахадыр Сатыбалдыұлы

            Айтай Бахадыр Сатыбалдыұлы.Тарих ғылымдарының кандидаты

Айтай Бахадыр Сатыбалдыұлы 1972 жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы, Орта Шыршық ауданында туды. 1979-1989 жылдары № 31 қазақ орта мектебінде оқыды.

    1989 жылы Ташкент қаласындағы Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың тарих мамандығына құжаттарын тапсырып, емтихандарын сәтті тапсырған соң арнайы іріктеу бойынша Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық институтының тарих-педагогика мамандығына ауыстырылды.

      1994 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының (1991-2007 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Шымкент институты) тарих-педагогика факультетін  тәмамдады.

     Еңбек жолын 1994 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан араб тілі институында тарих пәнінің оқытушысы болып бастады. 1994-2007 жылдары аталған жоғары оқу орнында аға оқытушы, тарих факультетінің деканы, тәрбие істері жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды. 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бас маман болып істеді.

     2004 жылы Р.Б.Сүлейменов атындағы Алматы шығыстану институтының шығыстық деректану, Шығыс халықтарының тарихы және мәдениет бөлімінің ізденушісі болып қабылданады.

    07.00.09-Тарихнама, деректану және тарихи зерттеудің әдістері мамандығы бойынша тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін «А.Г.Серебренников мұрағаты - патшалық Ресейдің Түркістан өлкесін отарлау саясатының тарихи дереккөзі (1840-1870 жж.)» атты тақырыпта 2007 жылы 6 сәуірде Р.Б.Сүлейменов атындағы Алматы шығыстану институтында сәтті қорғап шығады. Ғылыми жетекшісі - тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Лекерұлы Есмағамбетов.

     2007 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент Инстиутына аға оқытушы болып қабылданды.

    Екі оқу құралы, тарих, дін және қоғам мәселелеріне қатысты 60 тан астам ғылыми, публицистикалық мақалалары жарық көрген.

     «А.Г. Серебренников мұрағаты – патшалық Ресейдің Түркістан өлкесін отарлау саясатының тарихи дереккөзі (1840-1870 жж.)» атты (416 бет) 25 баспа табақтан тұратын тарихи деректер жинағын құрастырды. Ол 2011 жылы ТОО «Кітап» баспасынан 100 данамен жарық көрді.

      2005 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті қаржыландыратын «Легаси интернешнл» атты халықаралық ұйымының білім Грантын жеңіп алып, Вирджиния, Нью-Йорк, Мэриленд штаттарына іссапармен білім және діни ұйымдарының жұмысы туралы тәжірибе алмасып қайтты.

       Облыс әкімшілігі, Шымкент қаласының білім бөлімі және Жоғары оқу орындарының басшылығы тарапынан бірнеше алғыс хат, мақтау грамоталарымен марапатталған. ОҚО «Нұр Отан» партиясының, облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының жылсайынғы Жолдауларын насихаттау тобының мүшесі. 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығын насихаттау тобының мүшесі болып атсалысқаны үшін ОҚО ішкі саясат басқармасының бастығы Б.Жалмырзаевтың Алғыс хатымен марапатталды.

2011-2012 оқу жылынан бастап Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының  Қазақстан және әлем тарихы  кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқаруда.