ӘДІЛОВА ШАРА

ӘДІЛОВА ШАРА

филология ғылымдарының кандидаты

  Әділова Шара Дәуітқызы 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылында туған. 1980 жылы Шымкент педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша  бітірген. 1980 жылы Шымкент қаласындағы №24 орта мектепте қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1993 жылдан бастап Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы пединститутта оқытушы, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент институтында оқытушы болып қызмет істеген.

1999 жылдан бастап М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде филология кафедрасында аға оқытушы, доцент міндетін атқарушы қызметтерін атқарды. 2009 жылдан бастап Қазақстан халықтар Достығы университетінде доцент міндетін атқарушы болып жұмыс істеп келеді.

2004 жылы ф.ғ.д., профессор К.Сыздықовтың жетекшілігімен «Т.Тоқбергенов – әдебиет сыншысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. 50-ден аса ғылыми мақалалар мен еңбектер жариялады. Ғылыми еңбектері әдеби сын, абайтану тарихының зерттелу мәселелеріне арналған.

«Әдебиеттануға кіріспе курсынан сырттай оқитын студенттерге арналған бақылау-пысықтау жұмыстары» (Шымкент, 2002), «Әдеби сын және Төлеген Тоқбергенов»  (Оқу құралы. Шымкент, 2006),  «Еуропа әдебиетінің тарихы» (Оқу құралы. Шымкент, 2009), «Шетел әдебиетінің тарихы» (Хрестоматия-оқулық. Шымкент, 2012) атты оқу құралдарын студенттер мен магистранттар пайдалануда.